• KMF
  • Жаңалықтар
  • Арманнан кәсіпке дейінгі жол: Қазақстанды өзгертетін әйелдер
27.11.2025

Арманнан кәсіпке дейінгі жол: Қазақстанды өзгертетін әйелдер

Қазақстанда әйелдер кәсіпкерліктің жаңа ережелерін қалыптастырып келеді - олар идеяларын табысты бизнеске айналдырып, жұмыс орындарын ашып, өз қауымдастықтарында оң өзгерістерге жол ашуда. Сұлулық салондарынан бастап, балабақшалар мен фермаларға дейін олар табандылық, отбасылық қолдау және қаржыландыруға қолжетімділік арқылы арманның орындалатынын дәлелдеп келеді.

IFC-дің көпжылдық серіктесі KMF Банк қолдау көрсеткен үш әйелдің тарихы мүмкіндіктер мен табандылық ұзақ мерзімді өзгерістерге бастайтын күш екенін айғақтайды.

«Тамыры бар тарықпас»

Қарлығаш Ағдабаева: бір тігін машинасынан үлкен фермаға дейінгі жол

Қазақтың «Тамыр тартсаң, тарықпайсың» деген мақалы «Тамырың (тегің, тірегің) бар болса, ешқашан тарықпайсың» немесе «Түп-тамыры мықты адам адаспайды» деген мағынаны береді.

2010 жылы Қарлығаш Ағдабаева отбасы­мен Түрікменстаннан Қазақстанның Шамалған ауылына көшіп келгенде, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бағып келген малын, фермасын артта қалдыруға мәжбүр болды.

«Біз бала кезден малдың жанында өстік, жануардың тілін түсінеміз. Бірақ мұнда, Атамекенге, өз малымызды әкеле алмадық. Сондықтан бәрін осы жерден қайта бастауға тура келді», - дейді ол.

2016 жылы Ағдабаева кәсібін шағын істен бастады: ауылдағы сауда үйіне тігін машинасын қойып, тігіншілік пен ұсақ сауданың арқасында табыс тапты. Алайда жүрек қалауы ауыл шаруашылығымен айналысу еді. Сондықтан ол «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының оқу бағдарламасынан өткеннен кейін, өз фермасын құруға бел буды.

2018 жылы Ағдабаева үйін кепілге қойып, KMF Банктің қаржыландыруына жүгінді. Алған 4 миллион теңге (шамамен 7,300 доллар) алғашқы 14 бас малды сатып алуға және қораны тұрғызуға мүмкіндік берді.

«Несие бес жылға берілсе де, біз оны мерзімінен бұрын өтедік. Қол қусырып отырмай, бар күшімізді салдық. Бұл бізге әрі қарай өсуге серпін берді», - дейді ол.

Бүгінде ферма айтарлықтай үлкейген, қорада 30-дан астам ірі қара, ал шаруашылықта төрт адам еңбек етеді. «Мақсатым мал санын кем дегенде 50 басқа жеткізу. Ол үшін жерді кеңейтіп, қосымша жұмысшылар жалдау қажет. Қазірдің өзінде көмекшілерім бар», - деп жоспарымен бөлісті ол.

KMF Банк қаржыландыруының арқасында Ағдабаева ет дүкенін, кейінірек сүт өнімдері мен жеміс-жидек сататын шағын дүкенін ашты.

«Өнімді базарға апарып сатпаймын, бәрін өз дүкендеріміз арқылы жүзеге асырамыз. Бұл әрі халыққа, әрі бізге тиімді», - дейді ол.

Ағдабаева жетістігінің кілті отбасының қолдауы екенін жасырмайды. Қалаға оқуға және жұмысқа кеткен балалары қайта оралып, бүгінде біріккен үлкен отбасы ферманы бірге дамытып келеді.

«Ең үлкен алғысым - жақындарыма. Күйеуім қасымда, жүргізуші қажет болса қалаған жерге жеткізіп салады. Ұлым мен келінім шаруашылықты жүргізуге көмектеседі. Бәрінде қолдау бар», - дейді ол.

Алдағы мақсаты қандай дейсіз бе? Ферма ауқымын кеңейту және ауылда жаңа жұмыс орындарын ашу.

«Денсаулық барда, жанымыздан табылатын банк-серіктес барда, артқа қарамай, алға қарай нық қадам басуға болады. Қандай сәтте қаржыландыру керек болса да, KMF Банк қашан да қолдау көрсетіп келеді», - деп атап өтті Қарлығаш Ағдабаева.


Сұлулық - өмірлік іс

Анжелика Семёнова: бос бөлмеден аймақтық оқу орталығына дейінгі табысты жол

Талғар қаласының тумасы Анжелика Семёнова үшін білім алу мен өзін-өзі дамыту әрқашан бірінші орында тұрған. Экономика мен маркетинг бойынша дипломдары бар, сондай-ақ косметолог мамандығын игерген ол біраз уақытқа дейін киім бутигін басқарған. Алайда уақыт талабын сезініп, мансабында жаңа жол іздеу қажет екенін түсінді.

«Сауда кезеңі біртіндеп артта қалып бара жатқанын ұқтым. Жаңа бағыт табу керек болды. Сол кезде ойладым, сұлулық - бұл мәңгілік құндылық. Сұлулық әлемді құтқарады», - деп еске алады ол.

Жеті жыл бұрын Семёнова батыл шешім қабылдап, лазерлік эпиляцияға бағытталған сұлулық салонын ашты. Бірақ бастамасы оңай болған жоқ, алғашқы орын тек цементтен тұратын бос бөлме еді, ал талғарлықтар үшін лазерлік эпиляция түсініксіз әрі үрейлі көрінетін.

Шешуші рөлді KMF Банкпен ынтымақтастық атқарды. Алғашқы залды жөндеу жұмыстары несие қаражаты есебінен жүзеге асты.

«Біз бұл жерге тек қаржы емес, жан-тәнімізді салдық. Кейінгі қаржыландыру екінші зал ашуға және қажетті жабдық сатып алуға мүмкіндік берді. Сол арқылы өсуге жол ашылды», - дейді Семёнова.

Уақыт өте келе клиенттер саны артты. Адамдар сенім білдіріп, жақсы пікірлер көпшілікке тарала бастады. Бүгінде Семёнова салоны тек сұлулық қызметі емес, сонымен қатар оқу орталығы. Қазақстан мен шетелдерден 3 000-нан астам маман оның курсын оқып, лазерлік эпиляция бойынша кәсіби дайындықтан өткен.

«Бізге тек Талғардан емес, Қаскелеңнен, Талдықорғаннан да келеді. Бұл ерекше мақтаныш, адамдар сапа үшін дәл саған келеді», - дейді ол.

Дәл қазір командасында жиырма маман бар. Олардың көбіне Семёнова тәлімгер болды. Оның жолындағы маңызды бағыт - әйелдерді қолдау. Қорқып, алғашқы қадам жасауға батылы жетпей жүрген құрбыларына, әріптестеріне ол талай рет KMF-ке жүгінуге кеңес берген.

«Мен ісімді бастағанда, отбасым мені қолдамады. Бірақ бәрібір тәуекел еттім. Әйел көп нәрсеге қабілетті, балаларды да, мансап пен бизнесті де қатар алып жүре алады. Ең бастысы қорықпау. Мақсат пен арман болса батыл қадам басыңдар, ол міндетті түрде орындалады», - дейді Семёнова.

Бүгінде ол жаңа жоспар құруда. Қазір барынша қолдау көрсетіп жүрген жолдасымен бірге бизнесін кеңейтуді жоспарлап отыр, клиенттерге арналған кофейнясы және йога студиясы бар жеке ғимарат салу, сондай-ақ таудағы демалыс жобасын дамыту: сауна, купельдер, пион мен лаванда алқаптары бар табиғи релакс-аймақ.

«Мен үшін сұлулық тек сырт келбет емес. Бұл әйелдің сенімділігі мен ішкі күйі. Біздің салонға келген әр әйел көтеріңкі көңіл-күймен, шабыттанып шықса сол менің басты миссиям», - деп түйіндеді Семёнова.


«Көз қорқақ, қол батыр»

Ғалия Маратқызы: балабақша сенімнің іргетасы іспетті

Ғалия Маратқызының жеке балабақша ашу идеясы 2015 жылы туған. Бес баланың анасы ауылдағы және өз балаларын заманауи, талапқа сай мектепке дейінгі ортада тәрбиелеуді қалады. «Жақсы тәрбиеші табу қиын, ал балаларға тұрақтылық пен заман талабына сай бағдарлама қажет. Сол кезде «неге өз ауылымызда балабақша ашпасқа?» деген ой келді.

Алғашқы қадам 2017 жылы жасалды. Қолайлы ғимарат табылды, бірақ ол жеті жыл бойы бос тұрған, пайдаланылмаған нысан еді.

«Бір топпен, 4-5 баламен бастадық. Ата-ананың сенімін алу керек болды. Бірте-бірте бір топ екіге, кейін үшке көбейді», - деп еске алады Маратқызы.

Алайда ірі банктерден несие алу қиынға соқты, ауылдық жердегі жылжымайтын мүлік қала стандарттарына сай келмейтін. «Бірнеше банкке бардық. Жауап біреу болды: «Ауыл үйін кепілге қабылдамаймыз».

Шешім KMF Банктен табылды. «KMF бізді бірден қабылдады, ауылдық үйді және мүлікті кепілге алды, барлығын дұрыс рәсімдеуге көмектесті. Бұл жобаны алға жылжытуға мүмкіндік берді».

KMF қаржысының арқасында балабақшаға кереуеттер мен төсек-жабдықтар, үстелдер мен орындықтар, ыдыс-аяқ және оқу материалдары сатып алынды. 2022 жылы ғимарат иесі нысанды сатып алуды ұсынды, ал KMF Банк қолдауының арқасында балабақша толығымен Маратқызының меншігіне өтті.

Бүгінде балабақшада 97 бала білім алады, 18 қызметкер жұмыс істейді. Бұл орын ауыл әйелдері үшін де өсу алаңына айналды.

«Үйде отыру мен жұмыс істеудің айырмашылығы үлкен. Қыз-келіншектеріміз курстардан өтеді, семинарларға қатысады, ата-анамен сөйлесу мәдениетін үйренеді, өздеріне сенімді бола түседі. Бұл отбасылық атмосфераны, балаларды тәрбиелеу сапасын өзгертеді», - дейді ол.

Алдағы жоспар топ санын көбейту, аумақты кеңейту, инвентарьды жаңарту және ойын алаңдарын жақсарту.

«Біздің мақсат ауыл балаларына қаладағыдай деңгейде жағдай жасау, бағдарламадан бастап материалдық базаға дейін», - дейді Маратқызы.

«Көз қорқақ, қол батыр. Қорқу табиғи нәрсе. Ең бастысы мақсат қою және соған қарай қадам басу. Мен де алғашқы несиеден қорықтым, бірақ тәуекел еттім. Енді бизнес өсіп келеді. Егер жобаның тамыры бар, ал өзің тер төксең, ол жоғалмайды», - деп қорытындылады ол.

Болашаққа инвестиция

Шағын кәсіпорындар Қазақстан экономикасында маңызды рөл атқарады, ал оларды қолдау тұрақты экономикалық өсімнің негізгі шарты. 2024 жылғы деректер бойынша, микро-, шағын және орта кәсіпорындар (МШОК) елдегі барлық тіркелген компаниялардың басым бөлігін құрайды. Олар жұмыс күшінің жартысына жуығын жұмыспен қамтып, ішкі жалпы өнімнің 36,5 пайызын өндіреді.

МШОК - жұмыспен қамтудың негізгі қозғалтқышы, жаңа жұмыс орындарын құру арқылы ауылдық өңірлердің дамуына ықпал етеді. Ерекше жайт, МШОК-тың шамамен жартысы әйелдерге тиесілі немесе әйелдер тарапынан басқарылады. Алайда олардың маңыздылығына қарамастан, несиеге қолжетімділік шектеулі, қаржыландыру тапшылығы 42 млрд доллар деп бағаланады.

IFC жергілікті банктермен және микрокаржы ұйымдарымен: KMF Банк, Арнұр Кредит, Азия Кредит Қоры, Shinhan Finance-пен тығыз жұмыс істей отырып, Қазақстанның қаржылық секторын нығайтуда және әйелдер басқаратын, ауылдық жерлердегі МШОК-қа қаржыландыруды кеңейтуде негізгі рөл атқарып келеді. Бұл ынтымақтастық IFC-дің жаһандық «Әйелдерге арналған банктік қызметтер» (Banking on Women) бағдарламасының құрамдас бөлігі. Бағдарлама Орталық Азиядағы қаржы институттарымен ғана емес, әлемнің 84 еліндегі 325 мекемемен жұмыс істеп, әйелдерге арналған қаржылық мүмкіндіктерді жақсартуда.

Соңғы бірнеше жыл ішінде IFC KMF Банкке 300 млн доллар көлемінде қаржыландыру, тәуекелдерді басқару шешімдері мен корпоративтік басқару саласында техникалық қолдау көрсетті. IFC сонымен қатар компанияның микрокаржы ұйымынан цифрлық бағыты бар әмбебап банкке айналуына жәрдемдесті. Бұл МШОК-ты қаржыландыру мүмкіндіктерін кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарының пайда болуына және экономикалық өсімге ықпал етті.

KMF Банк әйел кәсіпкерлерді қолдауды басты миссияларының бірі санайды, бүгінде клиенттерінің 56% - әйелдер, ал 66% - ауыл тұрғындары.

«Біздің көзіміз бірнеше мәрте мынаған жетті - жергілікті кәсіпкерлер қажетті ресурстар мен қолдауға қол жеткізгенде, ал қаржы институттары ауыл өмірінің шынайылығын түсінгенде - идеялар жүзеге асады, еңбек жемісін береді, өркендеуге апарар жол әлдеқайда жеңілдейді», - дейді IFC-дің қаржы институттары жөніндегі өңірлік басшысы Момина Айяззуддин.

«Біздің мақсатымыз - мүмкіндіктердің шын мұқтаж адамдарға жетуі. Олар өз кәсіптерін дамытып, жұмыс орындарын ашып, өз қауымдастықтарында ұзақ мерзімді өзгерістер бастай алуы қажет».

Артқа қайту