«KMF Банк» АҚ депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қосылды
«KMF Банк» АҚ 2025 жылдың 12 тамызынан бастап, жеке тұлғалардың депозиттеріне міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушысы атанды. Ақпарат Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКБҚ) ресми сайтына орналастырылды.
Жеке тұлғалардың депозиттері бойынша кепілдіктер елімізде банк қызметтерін тұтынушыларды қорғау шараларының бірі болып табылады және ол жеке тұлғалардың депозиттеріне, оның ішінде дара кәсіпкерлік субъектілеріне, жеке нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттарға және кәсіби медиаторларға қолданылады. Егер банк лицензиясынан айырылса, депозиторлардың өтем алу құқығы банктер және банк қызметі туралы заңда, ал кепілдік сомалары депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы заңда қарастырылған.
Теңгедегі салымдардың да, шетел валютасындағы салымдардың да барлық түрлері (жинақ, мерзімді, мерзімсіз, шартты, талап етілмелі), сондай-ақ ағымдағы шоттар мен төлем карточкаларындағы ақшалар – ҚДКБҚ қорғауына алынған.
Бір салымшы үшін ҚДКБҚ максималды кепілдік сомасы депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы әрбір банкте:
- теңгедегі жинақ салымдар бойынша – 20 миллион теңгені,
- жиынтығында теңгедегі басқа салымдар (мерзімді, мерзімсіз, талап етілмелі және т.б.) және төлем карточкалары, шоттар бойынша – 10 миллион теңгені,
- шетел валютасындағы кез келген салымдар, карточкалар және шоттар бойынша – 5 миллион теңгені құрайды.
Салымшының бір банктегі депозиттері кепілдік берілген максималды сома шегінде толық көлемде қорғалған. Егер салымшының бір банкте түрі мен валютасына қарай әртүрлі бірнеше депозиті, төлем карточкасы, ағымдағы шоты және солардың ішінде жинақ салымы да бар болса, ҚДКБҚ жиынтық кепілдігі салымның әрбір салымы бойынша белгіленген максималды кепілдік сомасын ескере отырып есептеледі, және ол 20 миллион теңгеден асырылмайды. Еске саламыз, Қордың ресми сайтында депозиттерге кепілдік беру бойынша онлайн-калькулятор қолжетімді.
Бұдан басқа, депозиттік шарттарда салымшылар үшін барлық қажетті ақпараттар бірінші беттен бастап ыңғайлы, кестелік нысанда жазылуы керек. Аса маңызды талаптардың бірі – депозиттің түрі және сол бойынша ҚДКБҚ максималды кепілдік сомасы. Депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктер сондай-ақ өздерінің клиенттеріне танысып шығулары үшін депозиттер бойынша кепілдіктер және өтем төлеу тәртібі туралы жалпы сипаттағы мағлұматтарды да ұсынады. Ақпарат депозиттерді тікелей банк бөлімшесінде де немесе онлайн түрінде ашу кезінде де ұсынылады.
ҚДКБҚ қызметіне қатысты сұрақтар бойынша 1460 қысқа нөмірі арқылы колл-орталық жұмыс істейді. Хабарласу тегін. Толыққанды ақпаратты Қордың kdif.kz ресми сайтынан алуға болады.