Әлеуметтік акция: тұтынушылық кредиттер бойынша халықтың берешегін есептен шығару
«Кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша борыштық жүктемені төмендету шаралары
туралы» жарлыққа қол қойылды.
2019 жылғы маусымда «Кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша борыштық жүктемені төмендету шаралары туралы» жарлыққа қол қойылды. Жарлыққа сәйкес, кепілсіз тұтынушылық қарыздар берген банктер, микроқаржы ұйымдары және басқа да қаржы компаниялары борыштың бір бөлігін есептен шығарады. Жарлық туралы толығырақ Ұлттық банктің сайтында сілтеме бойынша мұнда.
KMF қарыз алушылары үшін түсіндірме.
KMF Ұлттық банктен тізім алғаннан кейін кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша жарлыққа сәйкес, азаматтардың екі санатына берешекті өтейтін болады:
1) Өмірлік қиын жағдайда қалған азаматтардың жекелеген санаттары үшін 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 300 мың теңгеге дейінгі негізгі борыш пен оның пайыздарын өтейді (бұл ретте кредиттің жалпы көлемі 3 млн. теңгеден аспауы тиіс).
Осы көмектің кімге көрсетілетіндігі туралы толығырақ 1 ақпарат кестесінен көруге болады. Алдын ала деректерге сәйкес кредит бойынша борышты өтеу 2019 жылғы 1 қыркүйектен басталады.
2) барлық клиенттерге 2019 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша есептелген өсімақы мен айыппұлдарды есептен шығарады. Есептен шығару қарыз алушының негізгі борышына қатысты емес. Өсімақы және айыппұлдар 2019 жылғы 30 шілдеге дейін есептен шығарылды. 2 тамызға дейін KMF тиісті мемлекеттік органдарға есептен шығару туралы ақпаратты береді.
KMF Қарыз алушыларына осы мәселе бойынша бөлімшеге немесе кредиттік сарапшыларға хабарласу қажет емес, өйткені Ұлттық банктің кестесіне сәйкес, бұл процедура шамамен екі айды алады.
KMF тізімді алғаннан кейін оған енген клиенттерге хабарлайды және айыппұлдар мен өсімақыларды есептен шығару, сонымен қатар берешекті өтеу бойынша барлық процедураларды дербес жүргізеді.
Бұл біржолғы акция екенін және тек 1 маусымдағы жағдай бойынша берешекке және 1 шілдедегі жағдай бойынша айыппұлдарға қатысты екендігін ескере отырып, барлық қарыз алушыларға кредиттік тарихын бұзбау үшін 1 шілдеден кейін уақытылы өтеуді өтінеді.
Тұтынушылық кредиттер бойынша азаматтардың берешегін кешіру мемлекетке шамамен 105 млрд. теңгеге түседі, – деп мәлімдеді бірінші вице-премьер – қаржы министрі Әлихан Смайылов. Қажетті соманың негізгі бөлігі (88,5 млрд. теңге) шығыстардың басқа баптарынан қаражаттарды қайта бөлу есебінен республикалық бюджеттен бөлінетін болады.