IFC мен KMF әйелдер бизнесін қолдайды
13.02.2023
IFC мен KMF ауылдағы кәсіпкерлерге көмектесіп, әйелдер бизнесін қолдайды. Дүниежүзілік банк тобының мүшесі IFC Қазақстандағы ең ірі микроқаржы ұйымы KMF-ке теңгемен 20 миллион доллар береді. Қаржыландыру ауыл кәсіпкерлеріне, әйелдерге тиесілі кәсіпорындарға және Covid-19 пандемиясының салдарынан әлі де оңалмаған бизнеске бағытталады. Бұл туралы kmf.kz баспасөз қызметі хабарлады.
KMF компаниясы 250 мыңнан аса клиентке қызмет көрсетеді. Ауылдық жердегі кәсіпкерлердің үлесі 60 пайыздан асады, олардың көпшілігі – әйелдер.
«Бөлімшелеріміздің жартысынан көбі ауылдар мен шалғай аудандарда орналасқан. IFC қаржыландыру бағдарламасына қатысу осы елдімекендердегі кәсіпкерлерді бұрынғыдан да көп көлемде қолжетімді микрокредиттеумен қамтуға мүмкіндік береді. Қазіргі экономикалық ахуал тұрғысынан алып қарағанда бұл ынтымақтастық дер кезінде жасалып отыр. Кәсіпкерлер қаржыны жұмыс істеп тұрған кәсібінің ауқымын кеңейтуге, жаңғыртуға және жұмыс орындарын ашуға бағыттай алады. Осының барлығы бірлесе өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді», – деді KMF Басқарма төрағасы Шалқар Жүсіпов.