- KMF •
- Жаңалықтар •
-
KMF Банк OPEC Қорымен қарыз беру туралы келісім жасасқан Қазақстандағы алғашқы банк атанды
KMF Банк OPEC Қорымен қарыз беру туралы келісім жасасқан Қазақстандағы алғашқы банк атанды
Алматы, __ қараша, 2026 жыл. KMF Банк OPEC Халықаралық даму қорымен (OPEC Fund) 30 млн АҚШ доллары көлемінде қарыз беру туралы келісім жасасты. Осылайша, Банк Қазақстанда Қордың қаржыландыруына қол жеткізген алғашқы жоба атанды. Аталған келісім OPEC Қорының Қазақстанмен ынтымақтастығын кеңейту аясында жасалды. Бұған дейін Қор Қазақстан Республикасының Үкіметімен елдің жеке секторындағы жобаларды қаржыландыруға бағытталған негіздемелік келісімге қол қойған болатын.
Тартылған қаражат микро, шағын және орта бизнесті, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларды қолдауға бағытталады. Кәсіпкерлер қаржыландыруды айналым қаражатын толықтыруға, негізгі құралдарды, ауыл шаруашылығы техникасы мен арнайы жабдықтарды сатып алуға және басқа да мақсаттарға пайдалана алады.
Осылайша, келісім KMF Банктің халықаралық қаржы ресурстарын тарту мүмкіндіктерін кеңейтіп, кәсіпкерлер үшін маңызды бағыттарды қосымша қаржыландыруға жол ашады.
«OPEC Қорымен жасалған келісім - KMF Банк пен біздің клиенттеріміз үшін маңызды оқиға. Әсіресе, Қазақстанда Қормен қарыз беру туралы келісім жасасқан алғашқы қаржы институты атанғанымыздың мәні зор. Бұл - клиенттеріміз үшін бизнесті дамытуға, инвестиция салуға және өндіріс көлемін ұлғайтуға арналған қосымша мүмкіндіктер. Көп жылдан бері кәсіпкерлерді қолдау KMF қызметінің негізгі басымдықтарының бірі болып келеді. Банк лицензиясын алу осы стратегияны сақтай отырып, бизнеске ұсына алатын қаржылық шешімдер аясын кеңейтуге мүмкіндік берді. OPEC Қорымен серіктестік Қазақстан кәсіпкерлері мен агробизнес өкілдерін қаржыландыру мүмкіндіктерімізді нығайта түседі. Бұл инвестициялық белсенділіктің артуына, бизнестің өсуіне және экономиканың нақты секторының одан әрі дамуына ықпал етеді», - деді «KMF Банк» АҚ Басқарма төрағасы Шалқар Жүсіпов.

OPEC Қоры - мүше мемлекеттердің қаражаты есебінен тек өз құрамына кірмейтін елдерді қаржыландыратын халықаралық даму ұйымы. Қор экономиканың түрлі салаларындағы жобаларды, соның ішінде азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығын, энергетиканы, инфрақұрылымды, денсаулық сақтау мен білім беру салаларын қолдайды. Бүгінде ұйым әлемнің 125-тен астам елінде қызмет атқарады. Қор құрылған сәттен бастап ұсынған қаржыландырудың жалпы көлемі 32 млрд АҚШ долларынан асты.
«Бұл қаржыландыру OPEC Қорының Қазақстандағы қызметіндегі маңызды кезеңді білдіреді және елдің жеке секторын дамытуға қолдау көрсетуге деген ұстанымымызды растайды. KMF Банкпен әріптестік арқылы біз кәсіпкерлердің, микро, шағын және орта кәсіпорындардың, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен кәсіпорындарының қаржыландыруға қол жеткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеміз. Аталған секторлар экономиканы әртараптандыруда, жаңа жұмыс орындарын құруда және инклюзивті экономикалық өсуді қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Қазіргі таңда қаржылық қызметтермен жеткілікті деңгейде қамтылмаған экономика сегменттеріне тиімді қаржылық шешімдер ұсыну бағытындағы KMF Банктің бастамаларын қолдағанымызға қуаныштымыз», - деп атап өтті OPEC Қорының президенті Абдулхамид әл-Халифа.
KMF Банк үшін OPEC Қорымен ынтымақтастық халықаралық қаржы институттарымен жүргізіліп келе жатқан серіктестікті дамытудың кезекті кезеңі болды. Бұған дейін Банк Францияның Proparco даму институтынан, сондай-ақ Еуропа қайта құру және даму банкінен (ЕҚҚДБ) және Түркі инвестициялық қорынан (TIF) қаржыландыру тартқан болатын. KMF Банк пен Түркі инвестициялық қоры арасындағы әріптестік те Қазақстандағы алғашқы жоба болды.