Алғашқы миллионға қалай қол жеткіздім?
«Любимый город» газеті (Көкшетау), 29 мамыр 2012 ж.
Екі жыл бұрын микрокредиттер маған бизнесті нығайтуға көмектесті және әрі қарай дамытуға түрткі болды, – дейді сәнді киімдер салонының иесі Марина де Рибос. Қазіргі уақытта Марина модельер мамандығы бойынша жұмыс істеуде, алайда бұған дейін әр түрлі салада еңбек етіп, мұндай мүмкіндікке қол жеткізе алмаған. Әйтсе де өз ісін бастап, адамдарды әдемі киіндіре отырып, қуанышқа бөлеу оның жадынан шықпады.
Ол былай деп ой бөліседі: Менің пайда әкелетін сүйікті іспен әр кезде айналысқым келді. Көпшілік адамның өз бизнесін бастауына жеке жинақ ақшасы, туыстары мен достарының көмегі себеп болады. Ал менің бастапқы капиталым болған жоқ. Сондықтан банк кредитінің көмегіне жүгінуім бизнесті бастауыма мүмкіндік туғызды».
Кәсіпкер әйелдің әңгімелеуі бойынша ол өзі ісімен айналысқан 8 жыл ішінде жоғары пайызбен әр түрлі қарыздар, оның ішінде жедел кредиттер алған. Бизнестің табысты дамуы үшін оған қаражат бөліп отыру қажет екендігі баршаға мәлім.
- Екі жыл бұрын маған үстінен мол пайда түсіретін сәнді көйлектер әкелу керек болды. Алайда осы кезде менің банкте сатылатын тауарлар кепілге қойылған кредитім бар еді. Микрокредиттік ұйымдардың ШОБ өкілдеріне қаржылық қолдау көрсететіні туралы хабарландыруды көріп қалдым. Қаламыздағы ең ірі микрокредиттік ұйымдардың бірі «KMF» МКҰ-ға келіп, оның өнімдерімен мұқият танысып, неге оның мүмкіндіктерін пайдаланбасқа деген шешімге келдім.
Осылайша МКҰ-да ресімделген 150 000 теңгенің көмегімен кәсіпкер Қазақстанда жыл өткен сайын қарқынды дамып келе жатқан микроқаржылық сектормен тығыз жұмысын бастады.
- Шындығын айтқанда, мен KMF-те ешқандай айыппұл шараларының жоқтығына риза болдым: кредитті өзіңе қолайлы кезде жабуға мүмкіндік жасалған. Мұндағы кеңес берушілер өз клиенттерінің қаржылық жағдайын жақсы түсінеді, сондықтан оларға тиімді көмек беруге әр кезде дайын, – деп түйіндейді Марина де Рибос.
Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының Статистика жөніндегі агенттігінің деректері бойынша барлығы 1756 микрокредиттік ұйым (бұдан әрі МКҰ) тіркелген. Ақмола облысында оның шамамен 54-і жұмыс жасайды. Бәсекелестіктің сыры неде? Бір қызығы, бұл қарапайым тұтынушы үшін тиімді. Адам қай жерде кредит алғысы келетінін таңдай алады, ал МКҰ арасындағы бәсекелестік бүгінде нарыққа кредит берудің оңтайлы талаптарын, мерзімдері мен өнімдерін ұсына алады. Қаржылық нарықтың дамуы тек қатардағы клиенттер үшін ғана қолайлы әрі тиімді емес, сонымен қатар ол елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етеді.
Қазақстандағы микроқаржылық сектор «Микроқаржылық ұйымдар туралы» ҚР Заңы қабылданғаннан кейін 2003 жылдан бастап белсенді дами бастады. Алайда кейбір МКҰ-лардың он жылдан астам уақыттан бері жұмыс жасап жүргендігі белгілі болып отыр. Бүгінде кредит берудің осы бағыты мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі болып есептеледі. ҚР Президенті Н. Назарбаев қаржылық ресурстарға қол жеткізудің маңыздылығына ұдайы көңіл бөліп отыр. Қазақстан қаржыгерлерінің YI Конгресінде сөйлеген сөзінде ол былай деп атап өтті: «Микрокредит жүйесін дамыту бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Шағын бизнеспен, әсіресе ауылдық жерде айналысатын адамдардың қаржылық ресурстарға қол жеткізуіне мүмкін жағдайлар жасау қажет».
Жалықтырған жұмыстан кетіп, өзінің сүйікті ісімен айналысқысы келетін біздің кейіпкеріміз сияқты адамдар көп-ақ. Көкшетау қаласындағы «KMF» МКҰ филиалының директоры Жандос Тұрсымбаев та осы кәсіпкердің оған көрсетілген сенімді осы күнге дейін ақтап келе жатқандығын растайды.
– Біздің клиенттеріміз көбінесе өз ісімен айналысатын, қаржылай көмекті қажет ететін адамдар тобынан тұрады. Әрине, олардың белгілі бір бөлігін бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, фермерлер, жер және мал шаруашылығымен айналысатын ауыл тұрғындары құрайды.
– «KMF» микрокредиттерді қандай мақсаттарға береді?
– Біз кредиттің барлық танымал түрлерін, яғни бизнеске, тұтынушылық мұқтаждықтарға, ауыл шаруашылығын дамытуға ұсынамыз. Біздің компаниямызда топтық кредит беру көп сұранысқа ие, оның талаптарына сәйкес ешқандай кепілзат талап етілмейді, микрокредитті бар болғаны 3 жұмыс күні ішінде ресімдеуге болады.
Филиал басшысымен болған әңгіме бізді қызықтыра түсті. КMF еліміздің нарығында 15 жыл табысты еңбек етіп келе жатқан аса ірі ұйымдардың бірі екен. 1997 жылдан бері қызмет ете бастаған компанияның бүгінде Қазақстанның аса ірі қалаларында 14 филиалы, ауылды жерлерде 55 бөлімшесі бар.
– 2010 жылғы қараша айында Көкшетау қаласында филиал ашылды. Екі ай ішінде біз шамамен 300 микрокредит бердік. Ал 2011 жылы бұл сан 2300-ге дейін өсті. Осы жылы біз Макинск қаласында, Зеренді кентінде қосалқы бөлімшелер аштық. Бүгінде филиалдың бір жарым мыңға жуық белсенді клиенттері бар. Жалпы KMF компаниясында қазіргі уақытта 56 000-нан астам қазақстандықтар кредитпен қамтамасыз етілген, - дейді Жандос Тұрсымбаев.
Микрокредит берудің көптеген қазақстандықтар үшін тиімді әрі тартымды екендігі күмән тудырмайды. МКҰ халыққа берген кредиттердің саны жыл өткен сайын өсуде, егер 2010 жылы ҚР микрокредиттік ұйымдары халыққа 379 мыңға жуық кредит берсе, 2011 жылы бұл сан 498 628 кредитке дейін өсті. Осы кредит түріне сұраныстың өсуі Қазақстанның микроқаржылық нарығының дамуына, халықтың өзін өзі жұмыспен қамту деңгейін өсіруге, кірісін көбейтуге және өмір сапасын көтеруге, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, яғни еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін көтеруге ықпал ететіндігі сөзсіз.
Маржан КУЛЬЧУКОВА