- KMF •
- Біз туралы •
-
Біздің клиенттер
Біздің клиенттер
Алматы облысындағы Шонжы ауылының тұрғыны Зарина Миргиястинованың мамандығы аспаз. Қазіргі таңда тапсырыс қабылдап, түшпара мен самса пісіреді. Өзінің шағын кәсібін ашуды осыдан 7 жыл бұрын қолға алған ол «тағамдар пісіру - кәсіптің ең табысты түрі» деп есептейді.
«Мен шағын кәсібімнен бөлек, қосымша дәмханада жұмыс істеймін. 2016 жылы сүйікті ісіммен айналысуды ұйғарып, оны бастауға қаржы іздедім. Сөйтіп, қолдауды KMF-тен тауып, сол кезден бері тұрақты клиентімін. KMF маған қиын кездерде көмектесті, сол үшін алғысым шексіз», - дейді ол.
KMF-Qurmet ниеттестік бағдарламасының қатысушысы ұтыс ойынында жеңімпаз атанғаны үшін қатты қуанғанын айтады.
Павлодар облысындағы Аққулы ауылының тұрғыны Руслан Сағынтаев 15 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысады. Айтуынша, ол кәсіптің бұл түрін табысты болғандықтан таңдаған. Бала күннен әкесінің жанында мал бағуға көмектесіп, бұл істің қыр-сырын жақсы меңгеріпті, тіпті ата-анасымен қыстақта өткізген кездерін балалық шағындағы ең керемет сәттерге балайды.
«Кәсіппен айналысу үшін адамда бірінші кезекте өзіне және ісіне деген сенім болу керек. Қиындықтарда мойымай, берілмей сол іске кірісу маңызды. Кәсіпті дамыту үшін KMF-пен жұмыс істеуге кеңес беремін. Бизнесті дамытуға қаржы алып, оны айналымға салып, табысыңды ұлғайтасың», - дейді ол.
Руслан Сағынтаев KMF компаниясымен 2015 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Айтуынша, оған компанияның клиенттерге деген қарым-қатынасы ұнайды.
«Біріншіден, сіздердің клиенттерге деген көзқарастарыңыз ұнайды, ерекше, қызмет көрсету жылдамдығы, қызметкерлеріңіздің қамқорлығы! Осынша жыл ішінде біз туысқандай болып кеттік, міне, енді KMF-Qurmet ниеттестік бағдарламасында жеңіске де жетіп отырмын. Маған қоңырау шалғанда, сенбедім, бірақ мен өз жетістігімді басқалармен бөлісе алатыныма және КМF компаниясы туралы өз әсерімді қалдыра алатыныма өте қуаныштымын, басқа банкте мұндай қамқорлық пен мұндай бағдарламалар жоқ. «Аққу» бөлімшесіне және жеке менеджерім Наташа Аиповаға мың алғыс айтқым келеді. Компанияларыңыз өркендеп, банк болуына тілектеспін!»,- деді ол.
Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы Бәйгеқұм ауылының тұрғыны Кенжекүл Полатова балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейді. 5 жылдан бері KMF-тің тұрақты клиенті болып келе жатқан ол KMF Qurmet ниеттестік бағдарламасы аясында өткен ұтыс ойынында жеңіске жетті.
«Мен жеңіске жеткеніме шексіз қуаныштымын, әуелі Алла тағала, сосын бізге мүмкіндік жасап, қаржылай көмек беріп жатқан KMF-ке рақмет айтамын. Еңбектеніңіздер, қазіргі кезде жастарда мүмкіндік шексіз, сол мүмкіндікті пайдалана біліңіздер», - дейді ол.
Ақтөбелік Айман Иманғазина 10 жылдан бері KMF-тің тұрақты клиенті. Ол төсек-орын жабдықтарын сатумен айналысады. Бизнесін компаниямызбен бірге дамытып келе жатқан ол KMF-тің қызмет көрсету сапасын жоғары бағалап, алғысын білдірді.
«KMF-ке 10 жыл бұрын келдім және осы 10 жылдық қызмет барысында менеджеріміз клиенттермен өте жақсы, мұқият және нақты жұмыс істеді. Менеджерім Анарға өте ризамын, өйткені қызметі жоғары деңгейде. Сіздердің арқаларыңызда тауар айналымын жақсарттым, бизнесті кеңейттім», - дейді ол.
Іскер ханым кәсіпті жаңа бастағандарға кеңес беріп, KMF Qurmet ниеттестік бағдарламасы аясында өткен ұтыс ойынындағы жеңісі жайлы айтты.
«Әрдайым жетістікке ұмтылу керек, мақсат қойып, тоқтап қалмай, тек алға жылжыңыздар дегім келеді. Ал мен жеңіске жетіп, KMF-тен қоңырау шалынғанда, әрине алғашқы әсер қуаныш болды! Мен барлығына сәттілік пен өркендей беруді тілеймін! Рақмет, алғысым шексіз! Жеңісің туралы хабар алу өте қызық әрі керемет сезім екен!», - деді ол.
Шерметов Кутлимурад Балташұлы - Түркістан облысы Сауран ауданы Ескі Иқан ауылының тумасы. Ол 1997 жылы берілген жерден өз үлесін алып, егіншілікті бастаған. Дихан көпшілік несие дегенді түсінбеген шақта тәуекелге бел буып, өз ісімді жалғастырып кеттім дейді.
Диханның айтуынша, егіс алқабында қарбыз, қауын, қызанақ та бар. Жоңышқа мен бидайды алмастырып екпесе, ауру пайда болатын көрінеді. Бұл тиісінше айтарлықтай шығынға алып келеді.
«Баланы дүниеге әкеліп өсіру үшін қанша еңбек керек? Бұл жұмысқа одан да көп еңбек қажет. Дәл бала сияқты үнемі ауырады. Күндіз ыстық, түнде суық. Түрлі ауруы бар», - дейді кәсіпкер.
Ауылды ғана емес, Қазақстанның бірнеше өңірін, көрші мемлекеттерді қажетті өніммен қамтамасыз етіп отырған дихан KMF-тен алғаш рет 2005 жылы 100 мың теңге алған.
«100 мың, 500 мың, 1 млн теңге алған кезім де болды. Ауыл шаруашылығына ақша көп қажет, көрінбейтін шығындар өте көп болады. Оны көпшілік біле бермейді»,- дейді Шерметов.
Кәсіпкер қарбызды Ресейге, Солтүстік Қазақстан облысына сатады. Ал қызанақтар Қазақстанның түрлі өңіріне жіберіледі, жүк көлігімен Ресейге алып кететіндер де бар.
«Жерге күтім керек, тоздырсаң қайта қалпына келтіре алмайсың. Жер мені бақсын деген адам бірінші жерді өзі бағуы керек. Жерге азық беруі тиіс. Сонда ғана ол сені бағады. Жер ұрпақтан ұрпаққа қалады, жердің жаманы болмайды. Ал бос тұрған соң тозады, арамшөп басады»,- дейді ол.
Осы тұста кәсіпкер KMF компаниясының қаржыдан қиналған сәтте еш қиындықсыз көмектесетінін алға тартты.
«Шаруада үнемі ақша бола бермейді. Күтпеген жағдайларға кезігіп қалуы мүмкін. Бәрі тек адамға байланысты емес, ауа райы мен экологияның әсері көп. Осындай сәтте KMF бізге қол ұшын береді. Соңғы 17 жыл бойы тұрақты клиенті болып келемін. Кей кезде миллиондаған ақша алып, уақытылы қайтарып отырамыз. KMF ұйымының артықшылығы кепіл сұрамайтынында. Біреуден қарыз сұрамаймыз, бірден KMF-ке барамыз»,- деп ағынан жарылды дихан.
Кутлимурад Балташұлы мал шаруашылығымен де айналысады, қорасында қазір 50 шақты ірі қара бар. Ал тауда бір отар қой мен 150-200-ге жуық сиыр жайылып жүр. Мал шаруашылығын мықтап қолға алған маман етті базарға сатып, Өзбекстанға жібереді. Негізінен Түркістан, Қызылорда облысына жөнелтіледі. Ал жылына 100 бастай ірі қара сатылымға шығады.
«25 жыл бойы KMF көп адамға көмектесті деп ойлаймын. 50 жылда да осылай клиенттері көп бола берсін. Мен алдағы уақытта да бұл ұйыммен жұмыс істеуге әзірмін. Қаржы деген бизнестің тамырындағы қан десем де артық айтқаным емес, қаржысыз іс жүрмейді», - дейді ол.
Түркістан облысы, Төле би ауданы, Көксәйек ауылдық округінің тұрғыны Мұхтархан Қалмаханұлы Халық шаруашылығы институтын тәмамдағаннан кейін Зертас колхозында бухгалтер болып жұмыс істеді. Бірте-бірте аға бухгалтер, аға экономист, жиырма төрт жасында бас бухгалтер болып қызмет атқарды. 1997 жылы колхоз тарап, бұрынғы жүйе құрдымға кетті. Колхозда мал да, техника да қалмады.
Колхоз үшке бөлініп, дүние-мүлкі талан-таражға түсті. Көп ұзамай Салық басқармасында аудит бөлімі ашылып, сол бөлімнің бастығы болды. Аталмыш мекемеде он жылдай істеді, оның тоғыз жылында аудит бөлімін басқарды. Кейбір себептерге байланысты бұл жерден кетіп, жанар-жағармай құю бекетінде біраз уақыт жұмыс істеді. Қосымша жұмыс істеп жүрген төрт фирма болды. 2007-2009 жылдары сол фирманың төртеуі де құрдымға кетті.
«Жұмыс бір күнде тоқтап қалды. Біз жұмыссыз қалдық. Бес бала-шағам бар. Бәрі жас. Не істеймін? «Күзетші болсам ба екен?» деп есік алдында ойланып отырамын. Ол уақытта күзетшілер 30000 теңге алатын. Бір қап ұн шамамен 2000-3000 теңге тұрады. 2000 теңгеге ұн, 200-500 теңгеге шекер алсам деп есептеп қоям. Ет енді қымбатырақ. Тапқан табысым бала-шағама жете ме, жетпей ме? Сөйтіп жүргенде ағам бір цехтың сатылатынын айтты. Ағамыз тәуекел етіп сол цехты сатып алып, жұмыс бастадық. Кейін ол кісі «Жігіттер, мен бұл жұмысты істемеймін. Өздерің алыңдар», – деп бас тартты. Біз одан сатып алып, бір жыл өзіміз істедік. Біздің бизнесіміз осылай басталып кетті», – дейді ол.
Ол 2009 жылы мақсары, бидай еге бастады. 2010 жылы мақсары майын өндіру цехының құрылысын бастап, келер жылы іске қосты. Өйткені мақсарыны өндіріп сатып жібергеннен, оны тереңдетіп өңдеу тиімді деп шешті. Дегенмен егін егуді тоқтатқан жоқ. Бизнесті жүргізуге ақша керек болып қиналып жүргенінде досынан KMF туралы естиді. Бұлар тұратын жерде KMF-тің филиалы жоқ еді. Сол үшін Леңгірге барды.
«Ақша бере ме, жоқ па?» деп уайымдап барғаным рас. Бір жігіт құжаттарды қарады. Өтініш жаздым. Маған бірден несие берді. Банктерге барсаң немесе үйдің квитанциясын төлейтін кезде миыңды ашытып жіберетін. Өзім экономист болған соң бірден байқадым, бұлардың ақша беру механизмі өте қарапайым екен. Маған ұнады. Компанияның несие беру механизмі нағыз ауыл адамдарына ыңғайланған. Сол үшін де компаниядан несие алатын ауыл адамдары өте көп. Біреу үшін жауап бере алмаймын, бірақ өзіме өте ыңғайлы екенін айтқым келеді. Менің бұл компанияға расымен де алғысым шексіз. Қиналып тұрғанда қолұшын созып, көмектескен адамды еш уақытта ұмытпайсың ғой, бұл жерде де дәл солай болды. KMF бізге дер кезінде көмекке келді. Сондықтан бұл компанияны ерекше жақсы көріп қалдым. Жаратылысымыздан достыққа берік адамбыз ғой. Осы күнге дейін KMF-тен 56 миллион теңге несие алып, қайтарыппын. Бұл өте қомақты қаражат. Егер сенімге кірген тұтынушы болмасам, мұндай несиені маған бермес еді», – дейді Мұхтархан Қалмаханұлы.
Ісін KMF-пен бастаған кәсіпкердің қазіргі таңда бірнеше бизнесі бар. Ол егіншілікпен, мал шаруашылығымен және өндіріспен айналысады.
Абдихашим Абдухофизов Түркістан облысы Түлкібас ауданының тумасы. Ол мал ұстап, егін салады, атадан балаға мирас боп келе жатқан ұсталықпен де айналысады. 2004 жылдан бері KMF-тен несие алып, кәсібін өрге домалатып келеді.
Ол Кеңес одағы кезінде автобус жүргізушісі болды. Алдымен аудан арасында, кейін қалааралық автобустарды тізгіндеді. Егемен ел болған алғашқы жылдары көптеген мекемелердің жұмысы тоқтап, әркім өз бетінше тіршілік жасай бастаған еді. Абдихашим Абдумуталипович та жүргізушілікті қойып, ұсталықпен айналысты. Одан Ресейге барып сауда-саттық жасап көрді.
«Бизнеспен айналысуды 1994 жылы бастадық. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» демекші, Ресейден елге келіп, тірлігімді туып-өскен жерде жасағым келді. 1995-96 жылдары ұсталыққа кірістім. 2004 жылы KMF-тен 150 мың теңге несие рәсімдеп, оған алты бас бұзау сатып алдым. Бұрынғы айналысып жүрген ісіме қосымша мал шаруашылығымен де айналысуды жөн көрдім.
Содан бұл қаржыландыру жолының тиімді екенін түсініп, KMF компаниясынан тағы 300 мың теңге алдым. Әрі қарай бұл компаниямен үнемі байланыста жұмыс істедім деуге болады. Басында 100 бас қошқар, 20-дан астам ірі қара мал болды. Мал шаруашылығымен оншақты жыл айналысқаннан кейін, егін шаруашылығына да ден қойдым. Егіншілікпен айналыса бастағалы да бес жыл боп қалды.
Сан салалы жұмысымызды жүргізуде KMF-тің көмегі көп тиді. Істі жүргізу үшін қаражат қажет болғанда кімге барып жалынасың? Көптеген қаржы ұйымдарында толтыратын құжат жетерлік. Ал KMF-те қаражатты тез алуға мүмкіндік бар. Жұмысты ыңғайлы ұйымдастыра білген компанияның қыз-жігіттеріне үлкен рақмет! – дейді кәсіпкер.
Түркістан облысы, Төле би ауданы, Көксәйек ауылдық округінің тұрғыны Расима Керімқызы ерте жасынан қазақтың ұлттық тағамдарына, қолөнеріне әуес болды. Әжесі Гүлбарам жүн түту, ұршық иіру, тоқыма тоқу, одан қалса тамақтың неше түрін жасауды үйрететін. Орама нан, жұқпа нан, қаттама нан, бауырсақ, сарымай, қарынға салынған сарымай сияқты ұлттық тағамдарымыздың бәрін кішкентайынан көріп өсті. Өз ата-анасы көбіне жұмыста болғандықтан үйдегі балаларға әжелері қарады.
«Гүлбарам әжем өте ширақ кісі еді. Жетпіс жасында есекке мініп, жайлауға барып, төрт-бес мезгіл бие сауып, сүт пісіріп, айран ұйытып, үйдегі он екі баланың кірін жуып үлгеретін. Тірлікті бір-біріне ұштастырып, арасында тоқыма тоқып, тігіс тігіп, құрақ құрап отыратын. Қазір өзімнің де ұл-қызым бар, бұйырса, ертең немерелерім болғанда сол кісілерден үйренгенімді ұрпағыма үйреткім келеді. Оның үстіне педагогикалық және бухгалтер-экономист мамандығым бар. Он тоғыз жасымда тұрмысқа шықтым. Менің киіз басып жатқанымды көрген болашақ қайын жұртымның үлкендері «мына қызды келін қылып аламыз» депті. Мен жақсы отбасынан одан да жақсы отбасыға келін болып түстім. Олай деуімнің себебі – бұл үйде Отарбай, Сағындық Шыналиевтер деген кісілер тұрған. Ол кісілер – ауданның құрметті азаматтары, соғыс ардагерлері. Соғыс кезінде апамыз медбике, атамыз қатардағы жауынгер болған. Олар жастай соғысқа кетіп, соғыс аяқталған соң үйленіп, отау құрған. Атамыз 2007 жылы, әжеміз 2010 жылы, одан көп ұзамай жолдасым қайтыс болып кетті. Қолымда екі балам бар. Біраз уақыт не істерімді білмей, абдырап қалдым. Балаларды өсіру үшін жұмыс істеу керек болды», – дейді ол.
Ол тығырықтан шығудың амалын жан-жақты қарастырды. Шұлық, орамал тоқып сатып, табыс тапты. Дегенмен діттеген мақсатқа жету үшін мұнымен тоқтап қалғысы келмеді. Тойларда тамақ, салат жасап беріп жүрді. Бірақ бұл да тұрақты жұмыс емес. Расима Керімқызы бір кездері Мәскеуге де барып, бір жылға жуық уақыт жұмыс істеп келді. Бір үйдің адамдары мен жұмысшыларына ас дайындап, үйдің басқа да шаруаларын басқарып отырды. Ол Мәскеуге өзге ел болғандықтан, жеке адамдарға қызмет етіп көрмегендіктен табыс көзі ретінде емес, қызығушылықпен барды және ол жақтан елге қомақты табыспен оралды. Өзі тұратын ауылдағы үйінің қасындағы «Астана» дәмханасын жалға алып, ол жерде екі жылдай жұмыс істеді. Дегенмен жалға берген адаммен келісе алмай, жұмысын тоқтатқан көрінеді. Кейін Леңгірден де дәмхана жалдап көрді. Бұл жақта да келіспеушілік болып, жұмысты тоқтатуға тура келді. Сол кезде айналасындағы жанашыр жақындары, достары «сенің үлкен үйің, 20 сотық жерің бар. Соның бір бұрышына өз кафеңді аш. Уақыт өте келе үлкен ғимарат саласың» деп кеңес берген. Әпке-ағаларымен ақылдасып, жұмысты бастап кетті. Жұмыс бір-бірімен ұштасып кете берді. Жіптің ағытылатын ұшын тапқан адам ары қарай қалай орайтынын өзі біледі. Ол іскерліктің қыр-сырын білуге, білім алуға барын салды.
«2010 жылы KMF микроқаржы ұйымынан топтық несие алдық, кейіннен жеке шығып, 100-200 мың теңге көлемінде микрокредит рәсімдедім. 2015 жылдан бері жыл сайын алып отырамыз. Соңғы алған несиелеріміз 4-5 миллион көлемінде. Кейінгі жылдары KMF-тің тиген пайдасы – мал өсіріп отырмыз. Компанияның қызметкерлері үнемі жаңалықтарымен, жаңа өнімдерімен, науқандарымен бөлісіп, хабарласады. Қаржысыз ештеңе істей алмайсың. Бір жылы 500-600 мың теңгеге құрал-жабдық алдым. Қазір бес адам жұмыс істеп жатырмыз», – дейді кәсіпкер.
Түркістан облысы Түлкібас ауданы Тұрар Рысқұлов атындағы ауылдың тұрғыны Наталья Винькова кәсібін кішігірім дүңгіршекті жалға алып, балмұздақ сатудан бастады. Бұл 90-жылдардың ортасы болатын. Жаз мезгілі, күн ыстық. Бірден жұмыс жүрді. Ата-аналар балаларымен жиі келетін. Уақыт өте келе қолынан іс келетінін байқады. Іс жүргізуге деген сенім пайда болып, біреуге емес, өзіне жұмыс істеуді қалады. Міне, осындай мақсатпен ашылған «Веста» дәмханасына қазір он жыл болды. Кәсіпкердің айтуынша, веста сөзі отбасы ошағының қамқоршысы деген мағынаны білдіреді.
«Киосканы жалға берген кісі кейіннен бос кафенің жұмысын жүргізуді ұсынды. Негізі, ол жер демалыс үйі болғандықтан, жолдамаға тамақтану да кіреді. Сол себептен кафеде кәуап, салқын тіскебасарлар, сусындар мен спирттік ішімдіктер ұсынылатын. Кешкұрым диджейіміз сауық кешін ұйымдастыратын. Екі жыл бойы ісіміз жақсы жүрді. Одан кейін «жұмысымызды әрі қарай дамытайық» деген оймен орталығымыз Ақсукентте мейрамхана ғимаратын жалға алып, жұмыс істедік. Бізді сол жерден осы ауылдың (ол кезде Ванновка ауылы) өкілдері байқап, өздеріне жұмыс істеуге шақырды. Бізге үлкен мүмкіндіктер ұсынды. Мейрамхана құрылысы тұрғызылған, бірақ қажет жабдықтарымен, интерьерімен өзіміз айналыстық», - дейді кәсіпкер.
1998 жылы бұл ауылда ондай демалыс орындары жоқтың қасы еді. Сол себептен болар, мейрамхана халық арасында сұранысқа ие, танымал жер болды. Бұл кезде ұлы Шымкент қаласындағы аспаздық колледжін бітірген, кейін университетте оқыды. Қазір жұмыс тәжірибесі мол, 5-разрядты аспаз. Жолдасы да аспаздық курстарынан өтті. Олар үлкен асханаларда тәжірибе жинады.
Наталья Винькова құлшыныспен басталған, бүгінде жолға қойылған істерін ұрпағы жалғастырғанын қалайды. Бұрын өзі көбіне пештің қасында жүрсе, қазір бұл істі ұлына сеніп тапсырған. Білгенін келініне де үйретуден жалыққан емес. Қазіргі жеткен жетістіктері үлкен махаббат пен қажырлы еңбектің жемісі болғандықтан, жауып, тастап кете алмайды. Олар үш бала тәрбиелеп өсірді, оның екеуі қазір Мәскеуде тұрады. Қасындағы, қолқанат болып жүрген ұлының да бүгінде үш баласы бар. Алдағы уақытта немерелерінің де отбасылық кәсіпке араласқанын қалайды. Сонымен қатар, олар келешекте кәсіптің басқа түрімен де айналысуды жоспарлап отыр. Алға қойған үлкен мақсаттары, идеялары бар.
«Дәмханамызда жұмыс істейтін аспаздар мен даяшыларға арнайы форма алғымыз келген. Қаланы тұтас аралап шығып ақ күртешеден басқа ештеңе таппадық. Аспаздарға қыстық күрте алып едік, бірақ оның сапасы өте нашар болып шықты. Кейін тағы да форма тіктіруге тапсырыс бердік, оның да тігілуі көңілден шықпады. Алматыда тұратын әпкем тігін цехындағы құрал-жабдықтарын жаңартатын болып, тігін машинасын бізге сатып алуды ұсынды. Бізде жақын жерде тігін ісін оқытатын колледж бар. Сол жақта өзімізге форма тіктіріп отырсақ деп ойладық. Ал жұмысшыларымыз бірдей, әдемі формамен жүреді. Кейіннен бәсекелестерді қарап көрсем, формамен жұмыс істейтіндер жоқтың қасы екен. Бірақ біз әрдайым форма тіктіре бермейміз ғой, сондықтан тігіншілердің әрдайым жұмысы мен жалақысы болатындай сатуға тіксек деп ойладық. Уақыты келгенде Шымкенттің нарығына да шықсақ болады. Тігіске әзірге кіріскен жоқпыз, қажетті құрал-жабдықтарын реттеумен айналысып жатырмыз. Дәл қасымызда бұрын құйылмалы сыра сатқан бос ғимарат да бар. Сол жерде неге гүл сатумен айналыспасқа? Ол тағы бір идея. Мысалы, келе жатқанда гүлге көзіңіз түседі де, серігіңіз гүл алып беріп сізді қуантады. Дәмханамызда туған күндер мен түрлі іс-шаралар жиі өтіп жатады. Сол үшін гүлдің жақын жерде болғаны дұрыс еді. Бұл жоспарымызды да қазір қарастырып жатырмыз. Жақын маңдағы гүл дүкендерін қарап, сапасын, қандай гүлдер сатылымда барын, бағаларын қарап жүрміз. Негізі тамақтану орны жақсы табыс әкеледі. Дегенмен пандемия сияқты кенеттен қиыншылықтар туындаса, біз және жұмысшыларымыз табыссыз қалмауы үшін, өзімізді өзіміз сақтандыру үшін неге қосымша кәсіп ашпасқа?! Сондықтан басқа кәсіп түрімен де айналысып көруді шештік», – дейді ол.
Атажан Тюленов кәсібін 2010 жылы мал шаруашылығымен айналысып бастады. Біртіндеп азық-түлік, киім-кешек, құрылыс заттарын сататын дүкен ашып, кәсібінің ауқымын кеңейтті. Ол KMF-тің арқасында жұмысы жүріп, табысы еселене түскенін айтады.
«Біз – Түркістан облысы, Төле би ауданы, Көксәйек ауылдық округінің тұрғынымыз. Ауылда тұрғаннан кейін мал шаруашылығымен айналысу – қалыпты үрдіс. Дегенмен заманның талабына сай кәсібімізді кеңейткіміз келді. Кез келген істі бастарда қаржы-қаражат қажет болатыны сөзсіз. Істі жүргізу ақшаға келіп тірелгенде тығырықтан шығар жолды қарастыра бастадым. Таныстарым KMF микроқаржы ұйымынан несие алуға болатынын айтып, кеңес берді. Тәуекелге бел буып, әуелі 500 мың теңге микрокредит алып, оны бір жылдың ішінде қайтарып бердім. Бұл қаражатқа сиыр сатып алып, сүтін өткіздім. Кейіннен малдың басын көбейте бастадық. Кейін бұқа өсіру ойға келіп, алдыңғыдан көбірек қаражат алдым. Негізі мал шаруашылығымен айналысу жеңіл шаруа емес. Ерте тұрып, малды жайылымға шығарып, оның жағдайын жасау керек. Несиенің арқасында бәрін қосқанда 60 бас малға дейін алғанбыз. Қосымша жылқы да болды. Біртіндеп табыс түсе бастады. Несиемді қарызсыз, уақытында қайтарып жүрдім. Мүмкіндігінше несиені әр ай сайын уақытылы төлеп отырсаң, еш қиындық тудырмайды. 2020 жылдан бері дүкенім де бар, киім-кешек, азық-түлік, құрылысқа қажетті заттарды сатумен де айналыса бастадық. Дүкенді жалға алып отырмыз. KMF-тің арқасында жұмысымыз жүріп, табысымыз еселене түсті. Кәсіпті дамыту үшін үнемі осы компаниядан несие алып отырдық», – дейді ол.
Атажан Курганович әуелі Алматы қаласында құрылысшы болып жұмыс істеп жүрген, қазір ол жұмысты қойды. Бүгінгі кәсібінің бағыты – мал шаруашылығы мен сауда. Жалғыз адамның істі тыңғылықты жүргізуі қиын. Жұбайы мен балалары кәсіпті жүргізуге үнемі қолғабыс жасап отырады. Алдағы уақытта дүкенге төрт жұмысшы алу ойда бар.
Алматы облысы Көкөзек ауылының тұрғыны Дәмегүл Абиханованың бала кезден сүйікті ісі тігіншілік болды. Дегенмен ол медицина саласы бойынша білім алып, қызмет етті. Күндіз фельдшер болып жұмыс істеп келеді де, түнде тігінге кіріседі. Кейіннен ол жан қалауымен осы салаға біржолата бет бұрып, ұлттық киімдер тігу кәсібін қолға алды. Он саусағынан өнері тамған шебердің тіккен киімдері қазір «Сымбат» сән академиясы, «Еркенұр», Аида Кәуменованың коллекцияларымен бірге көрсетіліп жүр.
Ол алғашында перде, көкпар шабатын аттарға жабу тікті. Әуелі Германиядан бір кісі осындай жабуды 200 долларға тігіп беруін өтінген. Сырты су өткізбейтін брезент мата болса, іші жып-жылы нәресте көрпешесі. Бұл көкпар шауып терлеп келген аттарға жақсы жабу болды. Теңгенің енді айналымға еніп жатқан кезінде 200 доллар айтарлықтай қомақты ақша болды.
«Кейіннен автокөліктерге тысқап, құрақ, ою көрпе, жастық, 90-жылдары сұранысқа сай қазақи киімдер тіге бастадым. Бұл кезде отбасыммен Түркістан облысының Жетісай қаласында тұрдық. 1996 жылы кіші ұлымды өмірге әкеліп, бала күтіміне байланысты демалыста болдым. Жұмысқа шығатын уақыт келгенде отағасы үйде болып, балалардың тәрбиесімен айналысқанымды қалады. Мектеп табалдырығын аттағалы отырған үлкен ұлдардың жағдайын ойлап, өзім де осы шешімге келдім. Жолдасым төрт тігін машинасын сатып алып берді де, қасыма көмекші қыздар алып, өзімнің сүйікті ісіммен айналысуды бастап кеттім. Біз тіккен қазақша киім мен көрпеге елдер қызығып, сұраныс арта бастады. Жетісайдың базарынан «Сіздің заттарыңызды сатайық» деген екі ұсыныс түсті. Іздегенге сұраған дегендей, бұл ұсыныс менің көкейіме дөп қонды. Дайын тауарларды базардағылар өздері алып кетеді. Тағы қандай затқа ұсыныс түсіп жатқанын айтады. Отағасы қажет матамен қамтамасыз етіп отырды.
Кейін Алматыға көшкен соң кәсіпті қайтадан нөлден бастауға тура келді. Алғашында несиені екінші деңгейлі банктен алғанбыз. Оның пайыздық мөлшерлемесі өте жоғары болды. Тағы да несие алуға жүрексініп жүргем. «Сайран» автобекетінде шағын дүкенім бар еді. Құрбым Гуля Қызайбековадан KMF-тен несие алу тиімді екенін естіп, осы қаржы ұйымымен жұмыс істей бастадық. Алғашында киім қысқартатын, жөндейтін орын аштым. Кейін материал алып, киім тіге бастадым. Бір киімді тігіп, оны сатып, екі киімнің матасын алдым. Екі киімді тігіп, сатып оған төрт киімнің матасын алдым. Ол кезде несиеге 80-100 мың теңге көлемінде ғана беретін. Несиені үш айға алып, тез-тез жауып тастап отырдым. Ай сайын бір бутиктен ашып, біртіндеп 250 шаршы метр жерде отыратын жағдайға жеттім. Несиені мақсатты түрде алып, оны орнымен жұмсай білсең пайдасын көресің. Менде еш уақытта несиені төлей алмай қалған жағдай болған жоқ. Қазір, міне, өсіп-өркендеп, осы дәрежеге жетіп отырмыз», – дейді ол.
Шебердің медицина саласындағы жұмысын тастап, кәсіпкерлікке бет бұрғанына да 25 жылдай уақыт болып қалды. Осы салаға келгеніне еш өкінген емес. Медицина саласындағылар қазір 300-400 мың теңге көлемінде айлық алса, бұл қаражатты кәсіпкер келіншек бір аптада табатынын айтады. Сүйікті ісімен айналыса отырып бала-шаға, немерелеріне, жолдасына көңіл бөле алады.
«Карантин кезінде де қиындық көрмедім. Себебі киімдерімізді сатып, жалға беріп отырдық. Жалға берілетін киім қайта-қайта қолданылып, табыс түсіріп тұрады. Тұрақты тапсырыс беруші танымал клиенттеріміз бар. Сәкен Майғазиев, Айгүл Иманбаевның мектептерінің киімдерін, Алматыдағы Чайковский атындағы музыкалық колледж, Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының, Аягөз, Семей, Өскемен мәдениет үйлерінің киімдерін тігеміз. Испания патшайымымен екі күндік кездесуге барғандар менің киімімді киіп шықты. Қытай мен Делиде елшілікте істейтін қыздар, Корей еліндегі қазақ диаспорасы, ресейліктер, Қытай салондары бізге тапсырыс береді.
Осы кәсібімді бастап, дамытуыма, бүгінгі жетістігіме жетуге жетелеп келе жатқан KMF компаниясының ұжымына табыс тілеймін. Басшылары да, қызметкерлері де өте қарапайым, өте сыпайы. Адамдармен қалай тіл табысу керегін жақсы біледі, өте мәдениетті қарым-қатынас жасайды. KMF микроқаржы ұйымының банктерге қарағанда пайыздық үстемақысы да, талап ететін құжаттары да аз. Сол үшін тұтынушыға ыңғайлы. Несие берердің алдында кәсіпкердің бизнесін өздері келіп тексереді. Кәсібінің дамып жатқанын көріп сенім білдіреді. Ешнәрсеге жүгіртіп, әурелемейді. Компанияға тек ақшасын төлеуге барамыз. KMF-тің қолдауы мен сияқты үйде отырған қыз-келіншектерге көп көмегін тигізіп жатыр. Сіздерден несие алып, жұмысын жүргізіп отырған – нан, көкөніс сататын, тігін тігетін қыздарды білемін. Бәрі де дән риза. Істеріңізге сәттілік тілеймін. Клиенттеріңіз көп болсын!», – дейді тігінші.
Галина Зенина – 68 жаста. Жетісу облысы Сарқан ауданы, Қойлық ауылының тумасы. 23 жылдан бері KMF микроқаржы ұйымынан топтық несие алып, ер адамдарға арналған киім-кешектерді сатумен айналысып келеді. Табысқа жету үшін тек қана еңбектенуге кеңес береді. Әзірге өзі үйренген кәсіпті қойғысы жоқ. Жұмыс істеп, адамдармен араласқанды жаны қалайды.
Ертеректе несие алу үшін кепілге зат қою керек болды. Өз атында үйі де, көлігі де болғанмен, оны кепілге қойғысы келмеді. Сол үшін кепілсіз топтық несие алуға шешім қабылдаған. Қазір несиенің осы түріне әбден үйреніп алыпты.
Ұзақ жылдар бойы осы іспен айналысқаннан кейін кәсіпкердің тұрақты клиенттері көп. Бір кездері сауда орны ауысып, жаңа жайға жайғасқан. Кейіннен кездейсоқ көріп қалған клиенттері «Сізді тапқанымыз қандай жақсы болды» деп қуанышын білдіріп жатты. Мұның өзі адамдармен жылы қарым-қатынас жасай білгеннің арқасы.
«Қайта құру жылдары мен жұмыс істеп жүрген балабақшаның жұмысы тоқтап қалды. 1996 жылы ата-анамның үйі өртеніп кетті де, күйеуім сол кезде қайтыс болды. Амалдың жоғынан саудаға шығуыма тура келді. Қолымда ақша да, тауар да болған жоқ. Кәсібімді нөлден бастадым. Өзіңіз көз алдыңызға елестетіп көріңізші, үш адам базарда тұрамыз, алдымызда сатуға қойған екі-ақ затымыз бар. Оның өзі ұсақ-түйек. Ол кезде үлкен ұлым үйленген болатын. Кіші екі балаға екі немесе үш айға 16 мың теңге жәрдемақы алғанмын. Сол ақшаны пайдаландым. Кейін KMF жайлы естіп, несие алып, жайлап жұмысымды жүргізе бастадым. Қазір жұмысымызды бір жүйеге түсірдік. Маған тауар үшін ешқайда барудың қажеті жоқ. Жеткізушілермен телефон арқылы сөйлесіп, қажет тауарға тапсырыс беремін. Тек алдын ала қандай тауар түрлерін және оны қандай бағаға алатынымызды шешіп аламыз. Олар жеткізіп береді, мен тауарды қабылдап аламын. Үнемі бірдей тауар алып отырғандықтан, барлығын сату мүмкін емес. Кейде қалып қояды. Мысалы қазір контейнерде, үйде кейбір қыстық киімдер жатыр. Сол киімдерді шығарып, осы KMF-тен алған несиеге үстінен тағы тауар алып, саттық», – дейді кәсіпкер.
Кәсіптің бір күнде аяққа тұрып кетпесі анық, әсіресе қаржың, тіпті басыңда баспанаң да болмаса. Дегенмен қайсар жандар аз емес. Ісін KMF-пен бастап, он, жиырма жылдап клиенті болып, бүгінде ірі кәсіпкерге айналып, бизнестің бірқатар түрін басқарып отырғандар бар. Солардың бірі - Жанна Қайырбекқызы Бопаева.
Кәсібін бір бөлмеде бастаған Жанна Қайырбекқызы дәл қазір жеке баспахананың иесі. Тапсырыстарды еліміздің түкпір-түкпірінен қабылдап, уақытында жөнелтеді. Отбасын аяғынан тік тұрғызып, бойын тіктеген іскер ханым 1974 жылы Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Қарасу ауылында дүниеге келіпті.
«Тұрмыс құрғаннан кейін жұмыс іздеп Алматы қаласына көшіп келдік, алайда ол жұмысымды жалғастырмадым. Жолдасым екеуміз «Дәуір» баспаханасына жұмысқа орналасып, екі жыл еңбек еткеннен кейін қысқарту болып, екеуіміз де жұмыссыз қалдық. Алайда ол жерде біраз дүниені көріп, үйреніп, меңгерген едік. Сол істі өзіміз бастап, кәсіп ашайық деп шештік, кәсіптегі жолымыз осылай басталды. Әрине, кәсіпті бірден бастап кету оңай шаруа емес, ісімізді ең алдымен үйде қолға алдық. Станогымыз жоқ, жолдасым қажетті заттарды сатып алып, тасып жүрді, барлығын қолмен кесеміз. Басымызда үй де жоқ, жалдамалы. Жалдап тұрып жатқан бөлменің иесіне алдын ала ескертіп, айтып қоятынбыз. Қағаздар болады, ренжімейсіздер деп. Сыртқы беттерді басқа жерлерге барып бастырып жүрдік, көлігіміз де жоқ, такси жалдап таситын едік, бұл 2000 жылдардың бас кезі болатын. Ол жылдар тек күнкөрістің қамы еді – тамақ ішу, бала-шағаның киімі, керек-жарағы, артық тиын деген болған емес», - дейді Жанна Бопаева.
Айтуынша, ол кездерде несие ала алмаған, себебі тұрақты жалақы жоқ, тиісінше аударымдар да болған емес.
«Тіпті қарыз сұрап кеткен кездеріміз де болды. Осылайша қиындықтан басталған ісіміз қазір керемет дәрежеге жетіп отыр. 2011 жылы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Бәйтерек ауылына көштік. Мұндағы ең алғаш тұрған үйіміз сарай (времянка) болатын. Бола тұра кәсібімізді тастамадық, тар да болса сол сарайда өмір сүріп, жұмысымызды жалғастырдық. Тиынды тиынға құрап, бір айдан бір айға жалғап жүрген кезеңіміз ұзаққа жалғасты. Астымызда көлігіміз жоқ болса да үй салып бастадық. Тапсырыстарды орап, арбаға салып тас жолдың бойына шығамыз. Такси ұстаймыз, алайда көпшілігі жеткізуден бас тартатын, келіскені өте көп ақша сұрайтын, сөйтіп жүріп тапсырыс берушілерге жеткізетінбіз», - дейді ол.
Жанна Қайырбекқызы KMF туралы анасынан естіген. Себебі оның анасы да, інісі де осы компанияның клиенттері.
«Осыдан 11 жыл бұрын алғаш рет несие алдым және ол қаржыны берген KMF компаниясы болатын. Ол кездері анама жақын жерде тұрдым. Бір күні анамның сол компанияның клиенті екенін, бірнеше адамның бірлесіп топтық микрокредит алатынын, өз топтарының бар екенін және 10 адамға дейін сол топқа кіруге болатынын естідім. Кейбірі дүкенін, кейбірі өзге де кәсіптерін көрсетіп, микрокредит рәсімдеген екен. Мен де өтініп, сол топқа кірдім. Тобымыздың аты «Бастау» болды. Топтағы оншақты адам ұзақ жылдар бойы бірге жұмыс істеп келдік, тобымызда зейнеткерлер де бар еді.
Ол жылдары міндетті түрде бөлімшеге баратынбыз. Барлығымыз топталып, ақшамызды жинап, кешіктірмей, бір-біріміздің алдымыздағы жауапкершілікті сезініп, бірлікте болдық. Дегенмен уақыт өте келе зейнеткерлер топтан шықты, адам азайды. Біздің де кәсіптің ауқымы өсіп, дамып, қанаттанып, жеке басымызға несие рәсімдей алатын дәрежеге жеттік, үй тұрғыздық», - дейді кәсіпкер.
Қазіргі таңда Алматыдағы «Байсат» базары, Адем сауда үйлерінен тапсырыс көптеп түседі, яғни тапсырыс берушілердің басым бөлігі базарда. Елорда, Талдықорған, Алматы, Қарағанды қалаларынан тапсырыстар алып, тендерлер арқылы да жұмыс істейді.
2012 жылы Татьяна Валентиновна Павлодар-Нұр-Сұлтан тас жолының бойындағы шағын мекеменің иесі атанды. Ол кездегі басты қиындық азық-түлікті жеткізу болған.
«Қоғамдық көлікпен өзіміз таситынбыз» деп еске алады кәсіпкер. Сондықтан Татьяна Валентиновна 2015 жылы KMF туралы біліп, аз уақыттың ішінде топ құрып, автокөлікке микрокредит рәсімдеді.
Ал 2020 жылы ол қараусыз қалған ғимаратты сатып алып, үлкен тұрағы бар заманауи дәмхана салуды шешті. KMF осы жобаны жүзеге асыруға көмектесу үшін келді. Татьяна Раздайбедина микрокредит рәсімдеп, ауқымды құрылыс басталды. Пандемия салдарынан біраз дүние кейінге қалғанымен, дәмхана жұмысын бастап кетті.
Бүгінгі таңда Татьяна ғимараттың сыртқы келбетімен белсенді айналысып жатыр, ал алдағы жоспарда жазғы алаңқайлар, моншалар, қонақ үйлер мен автотұрақ құрылысы тұр. Бұл дәмханаға күніне 250 қонақ келеді, ал жақын маңдағы ауылдардан 12 адам жұмыспен қамтылған.
Павлодарлық Галина Шевченконың сауда саласында білімі бар, ол институт бітіріп, дипломы қолына тигенде тұңғыш ұлы 1 жаста болатын. Бала күтіміне байланысты демалыстан соң жеміс-жидек сатумен айналыса бастады. Әр істің басталуына бір себепші болады емес пе? Ағасының досы Омбыдан жеміс-жидек әкеліп сататын, ол да осы іспен айналысуды жөн көріпті.
Ол соңғы он үш жылда «Рақмет» базарында жұмыс істеп келеді. Саудада жүргеннен кейін үнемі қолда қаражат болғаны жөн. Айналымда ақшаң болмаса сауданың көркі қыза қоюы екіталай. Оншақты жыл бұрын KMF-тің Роза есімді қызметкері келіп, жұмыстың деңгейін көтеруге ұсыныс жасайды, тауар айналымын жақсарту үшін жақсы идеялар айтылады.
«Айналамдағылармен ақылдаса келе, топтық микрокредит алуға шешім қабылдадық. Ол кезде әр адамға 100-150 мың теңге беретін. Осылайша шағын кәсібімізді бастағанбыз. Уақыт өте келе алынатын қаржының көлемі де, тауар айналымы да арта түсті. Жалпы, KMF микроқаржы ұйымымен жұмыс істеу өте ыңғайлы. Бар мәселе телефон қоңырауымен-ақ шешіледі. KMF-тің онлайн қосымшасы да бар. Кредит сарапшысына хабарласасың, олар «тапсырыс жазыңыз» дейді. Қалаған сомаңа тапсырыс бергеннен кейін шамамен 1-1,5 сағатта картаға аударады, сөйтіп бірден ақшаң қолыңда. Ешқайда баруға да, уақытты босқа өткізуге де қажеттілік тумайды, барлығы телефонда. Осылайша бұл компания уақытыңды бағалай біледі. Қазір KMF жоғары деңгейдегі қаржы ұйымы деуге болады, клиенттері де өте көп. Kомпанияның 20 жылдығы болғанда шақыртумен Алматыға барғанмын. Әрине, бұл айтулы іс-шара маған қатты ұнады. Кәсіпкер әйелдер өте көп болды. Адамдар түрлі қызықты, позитивті оқиғалар айтты. Мысалы KMF-тің қаржылай қолдауымен біреулер дүкен, екіншісі наубайхана, үшіншісі асхана ашқан. Енді біреулер біз сияқты жеміс-жидек сатумен айналысады. Олар өздерінің KMF-тің арқасында тапқан табысы, жетістігі туралы сөз қозғады. Сол кезде маған бәрі де қызық болып көрінді», – дейді Галина Анатольевна.
Жетісу облысы Сарқан ауданы тұрғындарының 70 пайызын нанмен қамтып отырған Абдулиндер отбасының табысқа жету тарихы ерекше. 90-жылдарда көршісінің пысырған нанын сатумен айналысқан Кенжегүл Абдулина күндердің күнінде өз бизнесін ашуға бел буған. Үй ауласындағы кішігірім сарайды жабдықтап, керек-жараққа толтырған.
Кәсіпті бастау үшін қаражаттаң қажет екені айқын. Кенжегүл мен жолдасы Шухрат KMF-ке барып, жоспарларын айтыпты. Наубайханаға қажетті жабдықтарды KMF-тің көмегімен алып, жұмыс орындарын ашқан. Қазіргі таңда бұл наубайханада 11 адам жұмыс істейді. Күніне 3 ауысыммен жұмыс істейтін қыздар да жұмысберушілеріне разы.
«Бизнестің басқа түрін білмеймін, бірақ халықты қасиетті нанмен қамту берекелі іс деп білеміз. Нан бар жерде, ән бар дейді дана халқымыз. Елдің батасын алғанға не жетсін», - дейді Кенжегүл Абдулина.
Мақсат Нұрмағамбетов – жеке кәсіпкер. Ол бүгінде өзі туып-өскен Сыр өңірінде ғана емес, астанада да ісін жүргізіп отыр. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің экономика факультетінде қаржы және несие мамандығы бойынша білім алған ол біраз жыл теміржол саласында экономист болып жұмыс істеді. Кейін біржолата жеке кәсіппен айналысуға бет бұрды. Қазір еліміз бойынша бірнеше сауда орнына иелік етіп, бірқатар жұмыс орнын ашқан. Жергілікті халықты құрылыс материалдарымен, үйге қажетті жабдықпен қамтып отыр.
90-жылдары ел жаппай кәсіпкерлікке ден қойып, қолынан келгені сауда-саттықпен айналыса бастады. Бұл салада әсіресе қыз-келіншектер белсенділік танытты. Біздің кейіпкеріміздің анасы Қалбибі де сол жылдары тіршіліктің қамымен саудамен айналысуды кәсіп қылды.
«Әкем Көшер – теміржолшы, ағаш ұстасы. Кішкентай кезімізде анам Қалбибі Тәжікстан, Өзбекстан, Ресейден кілем әкеліп сататын. Ол кезде Қызылорда облысында кілем, мал базары болмаған. Шиелідегі ескі базарда кілемдерді іліп қойып, саудаға шығаратын. Әуелі бір-екі кілем әкеліп жүрді. Кейіннен шағын вагон алып келіп, үйдің кенжесі болғаннан кейін менің есіміммен «Мақсат» деп дүкен ашып, азық-түлік сата бастады. Ол кезде 4-сыныпта оқимын. Алты ағайындымыз. Бәріміз сабақтан бос кезімізде ата-анамызға қолғабыс жасадық. Кішкентайымыздан кәсіпкерліктің қыр-сырын анамыздан үйрендік. Өсе келе бәріміз жоғары білім алдық. Қазір кәсібімізді дөңгелетіп, халықтың игілігіне қызмет етіп отырған жайымыз бар. 2007 жылы KMF микроқаржы ұйымынан алғаш рет 100 мың теңге несие алып, азық-түлік дүкенін аштым. 15 жылдан бері осы компаниямен жұмыс істеп келемін. Халықтың сұранысына сай тауарды барынша жеткізіп беруге тырысамыз. Құрылыс қыста онша жүрмейді, ал жазда жұмыс қыза түсіп, ақша қатты қажет болады. Зауыттармен, фирмалармен уақытылы есеп айырысу керек. Осындай кезде KMF-тің көп көмегі тиіп келеді. Алған ақшамыз еселеніп келіп жатыр. Қазіргі таңда ешкімнен қарыз сұрап ала алмайсың. KMF-ке құжатымызды өткізіп, тапсырыс жасасақ, сұраған қаражатымызды береді. Несиені уақытылы төлеп отырамыз. Еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер. Біздің де кәсібіміз алға қарай дами берсін. Шиелі ауданының өркендеуіне, экономикасының дамуына үлес қосып жатырмыз деп ойлаймын. Мұқтаж жандарға көмектесіп тұрамыз. Қолымыздан келгенше осында жұмыс істейтіндердің жағдайын жасап отырмыз. Қазір бізде 20-дан астам қыз-жігіт жұмыс істейді», – дейді ол.
Жанар Кушекбаева мектеп бітіре салысымен еңбекке араласты, кейіннен саудаға шықты. Уақыт өте келе жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жұмысын жүргізді. Алғашында ұсақ-түйек сатып бастаса кейіннен ыдыс-аяқ сатуды қолға алды. Бір кездері саудадан мән кетіп, баламен үйде отырды. Денсаулығы сыр беріп, инсульт алғанында дәрігерлер оған оқтаумен жаттығу жасау керегін айтқан. Ақыры бұл жаттығуы табысты кәсіптің басталуына себепші болған.
Жанар Олжабайқызы Қызылорда қаласында туған. Неге екенін мектеп бітірген соң оқуға деген аса құлшынысы болған жоқ, жұмыс істегісі келді. Бірден тауық базасына жұмысқа кіріп кетті. Балапан бағатын. Ол қызығып жүріп жұмыс істеді. Кейін есепші мамандығы бойынша сырттай білім алып, Үй басқармасына (Дом управление) жұмысқа тұрды. Екі ай жұмыс істегенде айлығы бір етік сатып алуға жетпеген соң өз еркімен жұмыстан шығып кетті.
«Кішкентайымнан ас үйде жұмыс істеп, түрлі тәтті тағамдар пісірген ұнайтын. Өзім тәттіге аса құмармын. Бір күні үш бәліш пісіріп, «Көршілеріңе сатып берші» деп Дана деген құрбыма алып бардым. Бұл бүкіл әлемді коронавирус індеті жайлаған карантин кезі болатын. Дүкендердегі азық-түлікті ел талап алып кетті. Қолмақол ақша тапшы. Не керек, бәлішім өтіп кетті. Ертеңіне тағы да бесеуін алып бардым. Араға үш күн салып пісірген бәліштерімді алып үйренген мекенжайға тағы жол тарттым. Осылайша базарға шықтым. Базардағылардың қолдарынан тағамның түр-түрін пісіру келеді ғой, дегенмен жұмыстан шаршап шыққанда дүкенде тұрып қалған емес, жаңа піскен дәмді асты жегісі келеді. Базардағы өзім білетін келіншектерге пісірген бәліштерімді алып барып, сата бастадым. Олардың біразын бұрыннан танимын, тіпті үйіме қонаққа келіп, жақсы араласатынбыз. Олар менің үйде өз қолыммен осындай дәмді бәліштерді дайындайтынымды біледі. Базарға алғашында бәліш, самса апарып жүрдім. Бірте-бірте бәліштерімнің саны артты. Бірінен бірі естіп, клиенттерім де көбейді. Өздері жегенімен қоймай, үйге, балаларына алып кететін болды. Инстаграммен жұмыс істеген жоқпын. Сол үшін базардағы өзім білетін адамдардан бастадым. Базардағылар қонақ шақырса да менің самса, бәліштеріме тапсырыс беруді әдетке айналдырды. Бірте-бірте сататын дәмді астарымның түрін де көбейттім. Уақыт өте келе клиенттерім «Базардан келген кезде қолым тимейді» деп 10 келі манты, 10 келі түшпара жасап беруімді сұрайтын болды. Бұл расымен де қолы тимейтін адамдарға ыңғайлы әдіс. Үйіне аяқ астынан қонақ келіп қалғандар да самса, бәліш, әсіпке жедел тапсырыстар береді», – дейді аспаз.
Ол кәсіп бастап, жұмыс істеуіне отбасы үлкен қолдау білдіріп жатқанын айтады. Әрине, отағасы мен ұлдары Жанат пен Жігер оған қамыр илеп, нан жайып беріп жатқан жоқ, ас үйге керек заттарын алып беріп, қолдайды. Отбасы бір кездері денсаулығына байланысты үйде отырып қалған оның сүйікті ісімен айналысқанына қуанышты.
«Үйде үнемі ас дайындай берген соң ысып кетеді, тәттінің иісіне де тоясың, қолайсыздық туады. Соған байланысты бір кездері жолдасым «самса, бәліш пісіргеніңді тоқтатсаң қайтеді?» деді. Бұл іс өзіме ұнайды, әбден қызығына кіріп кеткенмін. Ойланып, терезеге қарап отырып, жолдың арға бетіндегі ғимаратқа көзім түсті, біраз уақыттан бері бос тұрғаны есіме түсті. Бұрын бұл жерде дәмхана болған еді, алайда карантин кезінде жабылып қалғанға ұқсайды. Иесін тауып, ақыры жалға алдым. Ертеңіне жұмысты бастап кеттім. Қазір тапсырыс жетеді. Адамдардың бәрі бірінен-бірі естіп маған келіп, дәмді тағамдарымды алып жатыр. Біз дағдарысты дұрыс қабылдамайды екенбіз, дағдарыстың артында көркеюдің бір шеті тұрады екен. Карантиннің соңы мен үшін кәсіп боп кетті. Сүйікті ісің шаршауға жол бермейді. Себебі мен ертең не пісірсем екен деп YouTube, Instagram қарап, ізденемін. Осылайша қазіргі таңда сүйікті кәсібіммен айналысып отырмын», – дейді іскер ханым.
Ол KMF микроқаржы ұйымынан 2007 жылдан бері несие алып келеді. Жайма базарда ыдыс-аяқ сатып жүрген кез болатын. Компания жігіттері мәліметтер таратты. Сол мәліметтермен мұқият танысып, жан-жақтағылардан сұрастырып елмен бірге бір әрекет жасап көруді жөн санады.
«KMF-тен Жаңаберген деген жігіт келіп, жұмыс орнымды тексерді, заттарымды санады. Бізге топтық несие тиімді екенін түсіндірді. Үш-төрт қыз-келіншек бірігіп, топтық микрокредит алдық. Кейіннен жайма базар әлсірей бастады, біз далада қала бердік. Бір күнде алдымдағы заттарымды арзан бағаға өткізіп жібердім. Сол кездері карантин боп қалды. Қорқыныштың арты маған қуанышпен келді. Дағдарысты сезінбегенде бұрынғы қалпыммен жүре берер ме едім, кім білсін? Қамырмен жұмыс істегенді жақсы көремін, тіпті рахаттанамын десем болады. Азық-түлікпен эксперимент жасаған ұнайды. Мұндай ізденістің соңы міндетті түрде жақсы бір нәтижеге алып келеді. 15 жылдан бері KMF-тің клиентімін. Компания қанатының астына алып бізді де қолдап келеді. Жастау кезімізде несие алып тауарға салып, оны ұқсата алмай қиналған кездеріміз болды. Қазір несиені де орынды пайдалануды білеміз. Күн ыстықта пісірген затыңды қайда тығарыңды білмей қаласың. Сол үшін KMF-тен тағы несие алып, екі тоңазытқыш пен мұздатқышқа қол жеткіздім. Маусымдық микрокредит алдым да, 0,1 пайыздық үстемақымен төлеп отырдым. Банкке барсаң тапсырыс берген күннен ақша қолыңа түскенше екі апта, бір ай өтіп кетеді. KMF ақшаны бірден береді, комиссия ұстамайды, бағалау да ақысыз. Біз үшін өте қолайлы», – дейді ол.
Гүлшат Тоқшылыққызы Өрікбаева Қызылорда облысының Қармақшы ауданы Жосалы ауылында тұрады. Ол – аудандық ауруханада медбике. Дегенмен қазіргі таңда бала күтіміне байланысты демалыста. Бір кездері медицина саласы қызметкерлерінің жалақысы төмен болуына байланысты олар қосымша табыс табуды ойлады. 2014 жылы отағасы екеуі саудамен айналыса бастаған.
Олар нар тәуекел деп жұмысқа кірісіп кетті. Дегенмен қаржы-қаражатсыз іс жүргізу қиындық туғызды. Әуелі алтын бұйымдарын ломбардқа өткізіп, одан түскен ақшаға тауар әкеліп, алтындарын қайтадан ломбардтан алып, біраз әуреленді.
«Ең алғаш рет KMF туралы жеңгемнен естідім. Ол «осындай микроқаржы ұйымы бар, несие алсаң болады. Пайыздық үстемақысы да тиімді» деп қызықтырды. Сол кезде жеңгем KMF микроқаржы ұйымының қызметкері Нұржанға хабарласып, өзінің дүкеніне шақырды. Нұржан бізге KMF-тің басқа банктер мен қаржы ұйымдарынан ерекшелігі, несие алу тәртібі, пайыздық үстемақысы туралы айтып берді. Сосын мен жұмыс істеп жатқан бизнесті суретке түсірді. Несиені жеке және топпен алсаң қалай болатынын түсіндірді. Топпен несие алғанға қызығып, өтініш бердім. Мені жеңгемнің тобына қосып, ең алғаш 200 мың теңге несие рәсімдедім. Көп ұзамай хабарласып, «жеке куәлігіңізбен келіп, тиісті қаражатты кассадан алыңыз» деді. Ешқандай қиындықсыз кассадан қалаған сомамды шешіп алдым. Менен зейнетақы қорындағы қаражатымды, басқа табыс көздерін, бизнес жоспарымды сұраған жоқ. Несие алу оңай болды. Алғашқы алған несиеге Түркістан қаласынан тауар әкелдік. Қазір 2 миллион теңгеге дейін несие алып отырмыз. Бүгінде үлкен дүкен ашып, жұмысымызды жүргізіп келеміз. Кейіннен көлігімізді сатып, қосымша 400 мың теңге несие алып, ГАЗель көлігіне қол жеткіздік, өзіміз мінгенге жеңіл көлікті де тізгіндедік. Қазір жылы жаңа, жақсы машина мініп жүрміз. Алған несиемізді жапқаннан кейін тағы да 700 мың теңге несие рәсімдеп, үш жылқы сатып алдық. Қазір ақырындап мал басын да көбейтіп келеміз. KMF-тен несиені алу, оны төлеу, бәрі ыңғайлы болған соң бір несиені жауып, алдымызға мақсат қойып келесі несиені алып, жұмыс істеп жатырмыз. Қазіргі заман талабына сәйкес адам ақшаға емес, ақша адамға жұмыс істеуі керек деп түсінемін», – дейді Гүлшат Тоқшылыққызы.
Кәсіпкердің пайымдауынша, KMF-тің басқа қаржы ұйымдарынан басты айырмашылығы – қызметкерлеріне кез келген уақытта хабарласа алатыныңда. Мұндай қолжетімділік жұмыстың ырғақты жүруіне өз септігін тигізеді.
Гүлнара Бижанова – бірнеше адамға жұмыс беріп, бизнестің бірнеше түрін басқарып отырған кәсіпкер. Өз ісін бәліш пісірумен бастаған ол Жамбыл облысында дүниеге келіп, Алматы облысындағы Кеген ауылында мектепті тәмамдаған.
«1983 жылы мектеп бітіріп, кеңестік сауда оқу орнына сырттай бөлімге түстім. Кейін дәмхана, асхана, мейрамханаларда жұмыс істеп, 2000 жылдары өз бизнесімді аштым. 2001 жылы Алматыдағы «Жібек жолы» базарындағы асхананың бірінің алдына бір үстелді қойып, күніне 500 теңге төлеп, сол орынды жалдадым. Ол үстелдің үстін бәлішке толтыратынмын.
Ол кездері күніне 100 бәліш жасап, сататынмын. Сонда күніне 500 теңге түссе, соның 250 теңгесіне ұн, майымды, қалған 250 теңгеге балаларыма азық-түлік алатынмын. Таңғы сағат үште ұйқыдан тұрып, нан ашытып, өзім пісіріп, өзім сатушы едім. Сөйтіп жүріп дүңгіршек сатып алдым, сол кездегі бағасы 15 мың теңге еді. Сол керек 15 мың теңгемді KMF-тен алдым және ол менің алғашқы несием болатын. Кәсібім дами берді, шайхана да аштым», - дейді кәсіпкер.
Гүлнара Бижанова қазіргі таңда төрт жұмыс орнын ашып отыр. Сонымен қатар, шай сататын 15 қыз бар көрінеді. Олар бәліштерді базардағы асхана, дүкендерге таратады. Кәсібінің арқасында балаларын оқытып, баспана тұрғызған Гүлнара Бижанова бүгінге дейін KMF-тен 40 рет микрокредит алыпты.
«Несиені алып бастағанда балаларымның бірі үшінші, екіншісі бесінші сыныпта оқыды, жер де өте қымбат болатын. KMF-тің көмегімен кәсібімді жүргізіп, қаржылай қолдауының арқасында сол кездері 150 мың теңгеге Қаскелеңнен жатақхананың бір бөлмесін алған едім. Кейін жер телімін де сатып алдық. Мұның барлығы KMF-пен бірге дамып келе жатқан кәсібімнің арқасы. Дәл қазір шайханам, асханам, техникалық қызмет көрсету станциям, қаланың бірнеше жерінде самса сататын сауда орындарым бар», - дейді ол.
Жиырма жылдан аса уақыт ішінде бизнесін дамыту үшін тек KMF компаниясын таңдаған кәсіпкер мұның құпиясын айтты.
«Басқа қаржы ұйымдарымен салыстырғанда KMF – берекелі. Неге екенін білмеймін, бірақ бұл ұйымнан алған ақшаң тек жақсылыққа жұмсалады. Төлем жасайтын күн тақалғанда да жан-жақтағы қарыздарың өзінен өзі жиналып, қиналмай төлеймін. KMF-тің бізге көп көмегі тиді, тиіп те келеді. Несие сарапшымыз болған қыз-жігіттер де баламыз сияқты көз алдымызда өсіп келеді. Бұрын несиені әр алты айда алатынмын. Себебі жоспарым бойынша әр жарты жылда бір үлкен жұмысымды бітіретінмін. Осы уақытқа дейін 40 рет несие алған болсам оның әр тиыны есептеліп, жоспарланып, мақсатты жұмсалды. Бүгінгі нәтижем де соның арқасы – бірнеше баспана, бірнеше көлік, тағысын тағы. Әрине мұның барлығын несиесіз де алуға болатын еді, бірақ жоқ, біз берекелі KMF-тің берекелі қаржысын алып, ісімізді дамытып, сол еңбектің жемісін жеп келеміз», - дейді Гүлнара Жақсылыққызы.
Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының тумасы Әбунасыр Қансейітұлы Жақанов Салық бөлімінде есепші болып жұмыс істеп жүрген. Айлығы шайлығына жетпейтіндей аз болған соң 2010 жылы жұмысты тастап, саудамен айналыса бастады. Оның алдында біраз уақыт құрылыста істеп көрген. Отағасының саудада қолы жүріп, істері ілгері басқанын көрген жұбайы Қаламқас Бәкірова да мектептегі жұмысынан қол үзіп, қатарға қосылды.
Әрине, тұрақты жұмыс істеп, айдың соңында жалақысын алып тыныш отырған адамға басқа салада бағын сынап көру үлкен бетбұрыс. Әуелі аздап қорқыныш болғаны да рас. Дегенмен уақыт өте келе «Әрекет түбі – берекет» болатынын түсінді.
«Алғашында базардың алдындағы кішкентай бутикті жалға алып, мал азықтарын саттық. Күніне 50-60 мың теңгеге сауда жасайтынбыз. Жұмыста жүріп «Күніне 100 мың теңге сауда жасасақ» деп армандайтынбыз. Өйткені айына сондай қаражатты жалға төлейтінбіз. 2012 жылы КМF микроқаржы ұйымынан 150 мың теңге несие алдық. Ол кезде ақшаның құны бар еді. Бұл ақшаға бір жылқы сатып алуға болатын. Одан кейін 300 мың теңге алдық. 2014 жылы 1 миллион теңге несиені рәсімдеп, газель көлігін тізгіндедік. Кейін 2 миллион, 3 миллион, 5 миллион, былтыр 15 миллион теңге алдық. Қазір сататын тауарлар мол. Жетпей жатса KMF-ке хабарласамыз. Істі енді бастағанда «Күніне 100 мың теңгеге сауда жасасақ» деп армандасақ, қазір күніне миллион теңгенің затын сатамыз», - дейді кәсіпкер.
Тауарлар елорда, Түркістан, Қостанай, Ақтөбе, Шымкент, Алматыдан келеді. Жұмысты бастағанда тек жақын жердегі көтерме сауда орындарынан арбамен тасып жүрген. Тауарға барып келгенге ақша жетпеді. Кейіннен Түркістаннан тасыған. Несие алғаннан кейін газель жалдайтын болды. Уақыт өте келе газельді сатып алып, бірте-бірте КамАЗ-бен таситын халге жетті. Келесі жылдары вагондап таситын ойлары бар.
«Кәсіптің арқасында аяғымыздан тік тұрдық деуге болады. 2018 жылы KMF-тен 8 миллион теңге несие алып, жаңа ғимараттың құрылысын бастап, оны 2019 жылы аяқтадық. Осыдан кейін тауар алуға тағы 5 миллион алдық, оны төлеп болып, 15 миллион теңге несие алып, тауарды көбейттік. Бұл ғимаратқа 5 вагон, яғни 300 тонна астық сыяды. Салып жатқан үлкен ғимаратта азық-түлік дүкені, дәріхана, 60 адамдық банкет залы, асхана болады. Қазір дүкеніміздің екінші қабатында түшпара жасайтын цехымыз бар. Қандай жетістікке қол жеткізсек те тек еңбегіміз бен KMF-тің арқасы. Сондықтан компания қызметкерлеріне айтар алғысым шексіз. Жұмыстары алға бассын! Халықпен тығыз байланыста бола берсін! Он жылдан аса уақыттан бері KMF-тің клиентімін және бола беремін де! Компания қызметкерлеріне табыс тілеймін!», – дейді Әбунасыр Қансейітұлы.
Гүлбану Медетова Өзбекстан Республикасының Навои облысындағы Зарафшан қаласында туған, сол жақта өсті. Уақыт өте келе атамекенге оралу жайлы ойлап, Ақмола облысының Ақкөл қаласына көшіп келді. Елге келіп, жаңа жерге үйреніп, айналасындағылармен, тұрғылықты халықтың жағдайымен танысты.
Гүлбану Шүлбайқызының мамандығы тіс дәрігері. Он екі жылдай ауруханада жұмыс істеді. Әрине жұмыс жүріп тұрды. Бірқалыпты өмірге үйреніп те алды. Дегенмен бір жалақыға қарап отыруға болмайтынын ұққан ол саналы түрде кәсібін ауыстыруды ойлады.
«Алдымен зергерлік бұйымдар сатумен айналыса бастадым. Кейін ломбард ашу да ойда болды. Бизнестің бәрі Ақкөлде басталды. Ломбард болды, кейін зергерлік салон аштық. Бұл салонымыз қазір де жұмыс істеп тұр. Мұның бәрі алып-сату ғой, мен өз өнімімді нарыққа шығарғым келді. Мүмкін жартылай дайын өнімдер дайындармын деген идеялар келді. Сол себеппен мейрамхана аштым, яғни кешен деуге болады. Мысалы, мына жерде біз шикі өнім сатып аламыз, кейін одан дәмді тағамдар дайындаймыз. Мұны мен ауқымды бизнес санаймын. Қоғамдық тамақтандыру өте қиын сала. Бар-жоғы бір жылдан сәл аса уақыт жұмыс істеп келеміз. Сонда да маған бұл жұмыс ұнайды», – дейді ол.
Уақыт өте келе кәсібін бұрынғыдан да дамытуды ойлаған кәсіпкер алтын бөлімінен түскен табысын осы кешеннің жұмысын жандандыруға құйды. Алтын бөліміндегі ақша айналымы уақыт өте келе аз болып қалды. Тығырықтан шығудың амалын қарастырған кезде таңдау KMF-ке түскен.
«Сол кездері KMF микроқаржы ұйымымен байланысып, көмек сұрадым. Компаниядан бизнесімді дамытуға қаржы ала бастадым. Бұл қаржы ұйымымен жұмыс істеу тиімді екенін білген соң жыл сайын несие алып отырдым. Несиені кейде лезде жауып тастайтын кездер болды, бұл енді бизнесіміздің жақсы жүруіне байланысты. Осылайша, міне бес жылдай клиенттеріңіз болып келемін. KMF-тің клиенті болмай тұрып бұл қаржы ұйымы туралы естімеппін. Біздің жұмыс орнымызға бір жігіт келіп, микроқаржы ұйымы туралы жарнамалағанда алғаш рет естідім. Ол кезде де, қазіргі күні де компанияның клиентке қызмет көрсету деңгейі өте жоғары. Қазір бізде 8 адам жұмыс істейді. Жұмысты кеңейту әрине ойда бар. Мысалы осы жылы дәмханада жазғы алаң аштық. Келесі жылы нан өндірумен айналыссақ деген ойымыз бар. Қазір жөндеу жұмыстарын да бастадық. Кәсіпкер адамға несие алудан қорқудың қажеті жоқ. Әрине компаниямен ары қарай жұмыс істеуді тоқтатпаймын. KMF-ке табыс, көбірек клиент және сәттілік тілеймін!», – дейді кәсіпкер.
Анарбаев Сабыржан Төреханұлы Кентау қаласында тұрады. Ол жеті жыл бұрын 2000 жылдық тарихы бар Қарнақ ауылынан жер сатып алып, шаруа қожалығын дамытуды бастаған. 11 гектар жерді игеріп отырған ол бүгінде бау-бақшада өрік, жүзім, шабдалы мен алма өсіреді. Оның айтуынша, бақшада алманың сегіз, өріктің алты, ал шабдалының бес түрі бар.
«10 жұмысшым бар болатын. Осы айдан бастап тағы бес адам алғалы жатырмын. Олардың төртеуі тауда мал бақса, қалғаны бау-бақша жұмысымен айналысады, ағаштарды шырмауықтан тазартады, суғарады. Аспаздар да бар. Жұмысшыларды түскі аспен қамтамасыз етемін, өйткені олар да шаршайды, қиналып кетеді. Ұзындығы 570 метр, ені 200 метр жерде жүру оңай емес. Бәрі осы ауылдың тұрғындары», - дейді Сабыржан Анарбаев.
Шаруа қожалығының иесі таң атысымен егіс алқабына келіп, кешқұрым қайтады. Ол бау-бақшаны жұмысшыларымен бірге суарып, ұры-қарының бар-жоғын тексеруді әдетке айналдырған. Өз ісіне жанашыр жан бұл істі бастар алдында қиын күндерді де бастан кешіріпті.
«1963 жылы дүниеге келдім. 1985 жылдан бері екінші топтағы мүгедекпін. Мырғалымсайдағы Ащысай полиметтал комбинатында жұмыс істеп, жарақат алғанмын. Содан бері емделіп, денсаулығымды қалыпқа келтірдім. Осылайша , жеті жыл бұрын жер алып, оны қоршап, көшет еге бастадым. Мұнда бүгінде 4300 көшет, 12 мың түп жүзім бар», - дейді ол.
Анарбаев 2015 жылы алған жерді қоршауға екі жылын жұмсап, көшеттерді жанұясымен бірге отырғызған. Ал жұмысшыларды тек биыл алып отырмын дейді ол.
Кәсіп бар жерде қаржыландыру қатар жүреді. Осы тұста кәсібі үшін қаржыны тек KMF-тен алатын ол бұл шешімінің құпиясын айтты.
«Маған KMF-тен басқа ұйымның қажеті жоқ. Алдағы уақытта да осы ұйыммен жұмыс істеуге әзір болып отырмын. Мұнда келдің бе, несиеңді жап та, ала бер деген ұстаным бар. Тіпті, бір несиеңді жаппай тұрып, екіншіге өтініш беру мүмкіндігі бар», - дейді ол.
Кәсіпкердің айтуына қарағанда, жеміс-жидектерді шаруа қожалығына келіп, сатып алатындар бар, осылайша ол өнімдерін тұтынушыларға тікелей өткізеді. Сабыржан Анарбаев жеміс-жидектен бөлек, мал шаруашылығымен де айналысады. Бүгінде оның 164 ірі қарасы бар. Бастапқыда 62 сиыр сатып алған ол 12 жылдан бері KMF клиенті болып келеді.
«5 млн, 2 млн, 3 млн теңгені де, 11 млн теңгені де алдым. Бұл компания артық әуреге салмайды. Ары-бері қағазға жүгіргенім де есімде емес. Әр клиенттің өз несие сарапшысы болады. Сол қызметкермен тікелей жұмыс істейміз. Төлем жасайтын кезде, несие алатын уақытта тез арада көмекке келеді», - дейді ол.
Татьяна Адиетова – Қарағанды қаласының тұрғыны. Ол 2017 жылы қиын да болса әлеуметтік маңызы бар кәсіпті қолға алып, «Благодать» қарттар үйін ашқан. Ол кәсібін 20 орындық шағын бөлмеден бастапты. Кейінірек оны кеңейтуді ойлап, KMF-ке келген. Осылайша Татьяна Адиетова үлкенірек үй-жай алып, кәсібін дамытты. Бүгінде Қарағандыда алты, елорда мен Қостанайда бір-бір қарттар үйі бар. Барлығын қосқанда шамамен 300 адам тұрады.
Татьяна Иванова Тараз қаласында орналасқан Lux Service детейлинг орталығының негізін қалаушы әрі бүкіл өмірін клиенттерінің автомобильдерінде барынша жайлылық жасауға арнаған нәзік жандылардың бірі. Бұл салада әйелдерді қызметкерлер арасынан, әсіресе басшылық буында сирек кездестіруге болады.
Татьянаның айтуынша, ер адамдар өз машиналарын жақсы көреді және темір тұлпары үшін бәрін жоғары деңгейде жасауға тырысады. Оның кәсібінің негізі – автокөлік салонына арналған қаптарды тігуден бастап, кузовты сынықтар мен сызаттардан қорғауға арналған бронепленканы салумен аяқтай отырып, көлікті өз иесі үшін бұрынғыдан да ыңғайлы ету.
Татьяна Иванова 18 жасында әйелдер киімін тігу мамандығы бойынша училище бітірді. Бірақ жұмысқа сән ательесіне емес, автокөлік қаптарын дайындау цехына орналасты. Жабдықтар мен материалдарды алу оңай болған жоқ, сонымен қатар, ғимаратты жалға алу да қиын еді. Кәсіпкер қазіргі уақытқа дейін өзін бұл бизнеске кездейсоқ тап болдым деп санайды. Бірақ 35 жылдан астам уақыт бойы өзінің сүйікті ісіне барынша ден қойды. Киім тігумен салыстырғанда қаптарды тігу оңай әрі тезірек, сол үшін басқа нюанстар қажет болмады. Біраз тәжірибе жинаған соң ол жеке бизнеспен айналысуға шешім қабылдады және шағын кәсіпорын ашты.
«Алғашында вагонның ішінде жұмыс істедім, онда жазда ыстық, қыста қатты суық болды. Содан кейін ТЖО-дан кішірек орын жалдап, тігін машинасын сатып алдым. Ол кезде тігін машиналары басқаша болды, класы қазіргіден әлдеқайда төмен. Уақыт өте келе бизнес дамыды, дегенмен кейде қиын болды. Одақтың ыдырауымен көптеген жалға берушілер үй-жайларды, бизнесті жауып тастады. Сондықтан үйде – үшінші қабатта жұмыс істедім. Қаптарды қолмен, кейде жарықсыз тігуге тура келді. Өйткені жарық жиі сөніп қалатын. Елге шетелдік көліктерді әкеле бастағанда біраз қорқыныш болды. Заманауи және ыңғайлы автокөліктерде салон жабыны жоғары сапалы материалдардан жасалған, ал қаптар, сондай-ақ төбелерді тарту қажет емес сияқты көрінді. Алайда, мен уақытынан бұрын алаңдаппын және оным негіссіз екен, біз үшін жұмыс азайған жоқ, керісінше бұрынғыдан да көп болды», – дейді кәсіпкер өткен шақты еске алып.
90-шы жылдардың қиын кезеңдерінен өтіп, бизнесті дамыту үшін кәсіпкер ақша құю қажет екенін түсінді. 2003 жылы Татьяна Иванова Таразда KMF-тің жаңадан ашылған бөлімшесіне барды. Оған 100 доллар мақұлданды. Дегенмен 19 жыл бұрын бұл айтарлықтай қомақты қаражат болатын.
«Сол кезде 100 доллар 16 мың теңгеге тең болған. Бұл ақша материал мен бір тігін машинасын сатып алуға жеткілікті еді. KMF-те қолайлы пайыз, ыңғайлы кесте және қарыз алушыға қатаң талаптар жоқ екенін түсініп, мен осы компанияға тұрақты түрде хабарласа бастадым. Заман талабына сай, клиентте әрқашан таңдау болуы үшін жабдықты жаңарту, қымбат маталарды сатып алу қажет болды. Сонымен қатар, уақыт ағымына сәйкес болу үшін басқа да қызмет түрлерін – кузовты жылтырату, терезеге қараңғылау пленкасын, кузовқа және ішкі бөлшектерге бронепленканы жағу, салонға шудан оқшаулауды орнату және тағы да басқасын игеруге тура келді. Осы және басқа да жұмыстарды бүгінде Lux Service орындайды.
«Бәріне ақша керек, оны айналымнан шығармау үшін жылдар бойы дәлелденген серіктесіміз – KMF-ке қайта-қайта барамын. Микроқаржы ұйымы сонымен қатар кәсіпкер әйелдерді несие бағдарламаларымен қолдайды. 2019 жылы «Бизнестегі әйелдер» бағдарламасы бойынша KMF арқылы Еуропалық Қайта құру және даму банкінен қарыз алдым. Бұл бізге жаңа жабдықтар мен шығыс материалдарын сатып алуға мүмкіндік берді. Бүгінде 3 млн теңгеге «Микро» несиесі ашылған. Маған қарызды кесте бойынша өтеуге немесе мерзімінен бұрын өтеуге болатыны ұнайды. Сонымен қатар, бір несиені жауып, сол күні жаңасын алуға болады. Менде ешқандай кідіріс жоқ. Компания маған сенеді. KMF-пен жұмыс істеу өте жеңіл. Ақша керек деп шешсем, менеджерге қоңырау шалып, өтініш беріп, тез аламын», – дейді ол.
Бизнеспен бірге команда да өсіп келеді. Қазір кәсіпкердің қанатының астында 10-ға жуық адам жұмыс істейді.
Гүлбахрам Хитякова Алматы облысы, Шелек ауылында дүниеге келген. Дегенмен ұзақ уақыт бойы шетелде тұрды. 2006 жылы елге оралып, елордада кәсіп бастады. Қазір базардан да бөлек бизнесін жолға қойған, 13 автокөлікті жалға береді. Осы уақытқа дейін Қазақстаннан үш пәтер, Түркиядан үш пәтер алды, темір тұлпарым да аса құнды деп күледі ол.
«Отанымызға оралған соң заңды түрде тіркеліп, жеке кәсіпкерлікпен айналыса бастадым. Осы салада тәжірибесі бар құрбым Екатерина Кукарева менен ақыл-кеңесін аямады. Қолыңда нақты қаражат болмай, жұмысты жүргізе алмайтынымды айтып, KMF-тен 300 мың теңге микрокредит алуыма кеңес берді. Өзі де осы микроқаржы ұйымының тұрақты клиенті. Мен бизнеске осылай келдім», – дейді Гүлбахрам Әбдімажитқызы.
Алдымен құрбысы айтқандай, 300 мың теңге, кейін 700 мың, одан кейін 1 миллион теңгеге дейін несие алды. Он алты жылдан бері осы кәсіпті игеріп, жұмысын жүргізіп келеді. Ол кезде Астана жас қала болатын, жан-жақтан жастар да көптеп ағылып жатқан кез. Алматыдан пакеттер әкеліп, «1000 мелочей» сауда орнын ашып, «Әсем» базарында көтерме бағамен сатты. Нәтиже жаман болған жоқ. Отағасы екеуі бір жылдың ішінде көршілерімен жақсы бәсекелестік орнатты.
Уақыт өте келе оның көліктерді жалға беру бизнесімен айналысқысы келді. Сіңлісі осы салада жұмыс істейтін және айтарлықтай тәжірибесі бар еді. Сол кезде «Экипаж» атты таксопарк болатын. Алғашында оншақты Audi секілді ескі көліктерді қойды. Дегенмен бұл пассивті кіріс болды, көп жұмыс жасалмаса да ақша түсіп тұратын. Салондағы жігіттер де жақсы жұмыс істеді. Кейіннен салоннан Hyundai Accent көліктерін автокредитке алып қойды және ол несиелерді уақытынан бұрын жапты.
«Ешқашан оңды-солды ақша шашпаймын. Қазір 13 көлік бар. Олар арзан емес, Hyundai Accent және Toyota Camry 25-30 көліктері. Базар – негізгі кәсібіміз. Дүкенде өзім мен жолдасымды санамағанда 6 жұмысшы бар. Сонымен қатар, Қытайдан алып көтерме бағаға тауарлар сатамыз және тұрмыстық химия дүкені мен пассивті табысым – машиналарым бар. 13 көлік дегеніңіз – 13 жұмысшы. Кәсіп бастаудан да, несие алудан да қорқудың қажеті жоқ. Егер уақытылы төлеп тұрсаңыз, кешіктірмесеңіз, жақсы жұмыс істей алсаңыздар, клиенттердің көңілін таба білсеңіздер қиын емес», – дейді кәсіпкер.