ПРЕСС-РЕЛИЗ
2023 жылғы 16 мамырда «KMF (КМФ)» микрокаржылық ұйымы (бұдан әрі – KMF) номиналды көлемі 10 миллиард теңге болатын, мерзімі 1 жыл екінші облигациялық шығарылымын алғашқы рет нарықта сәтті жүзеге асырды. Бұл эмиссияны жүзеге асыруда «Halyk Finance» АҚ қаржылық кеңесші және андеррайтер қызметін атқарды.
Орналастыруға Қазақстанның түрлі инвестициялық ұйымдары мен жеке инвесторлары үлкен қызығушылық танытты. Қазақстан қор биржасындағы (KASE) сауда барысында 74 өтінім қабылданды, оның 70-і бөлшек инвесторлардан түсті. Жалпы нарықтық сұраныс 10,1 млрд теңгені құрады. Сауда-саттықтың басты шарты – купондық сыйақы мөлшерлемесі, оның қорытындысы бойынша жылдық 20% деңгейінде белгіленді. Саудаға қатысқан инвесторлардың құрылымы келесідей: сақтандыру компаниялары – 65,4%, брокерлік ұйымдар – 29,7%, жеке тұлғалар – 4,8%. Осылайша, KMF компаниясы 10 млрд теңге инвестиция тартты.
«Облигациялардың екінші шығарылымын сәтті орналастыруымыз – институционалдық және бөлшек инвесторлардың KMF-ке деген сенімінің жоғары екенін көрсетеді. Бұл – біздің микрокаржылық сектордағы көшбасшылық орнымыздың, кәсіпкерлермен ұзақмерзімді серіктестікке негізделген іскерлік үлгіміздің тиімділігінің айқын дәлелі. Бұл облигациялық орналастыру компаниямыздың қаржыландыру көздерін әртараптандыруына және отандық, соның ішінде бөлшек инвесторлармен байланысын тереңдетуіне жол ашады», – деді KMF Басқарма төрағасының орынбасары Ольга Югай.
«KMF облигацияларының сәтті орналастырылуы – отандық бөлшек инвесторлардың сенімді қазақстандық эмитенттердің борыштық құралдарына деген қызығушылығының белгісі. Біздің клиенттер KMF облигацияларына қызығушылық танытуда, өйткені олар бойынша табыстылық банк депозиттеріне қарағанда тартымды. Осы себепті, біз жақын арада бұл облигацияларды екінші нарықта қайта ұсынуды жоспарлап отырмыз. Halyk Finance KMF облигацияларының андеррайтері ретінде осымен екінші рет жұмыс істеп отыр. Біз көрсетілген сенім үшін алғыс айтамыз және алдағы жемісті ынтымақтастыққа үміттенеміз», – деді «Halyk Finance» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Роман Әсілбеков.
Анықтама:
«KMF (КМФ)» МҚҰ – Қазақстандағы ең ірі микрокаржылық ұйым. Нарықта 25 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді. Компанияның 117 бөлімшесі, сондай-ақ елдің ірі қалаларында филиалдары бар. Бүгінде KMF 257 мыңнан астам клиентке қызмет көрсетеді. 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, компания активтері 233 млрд теңгені, меншікті капиталы 52 млрд теңгені, ал 2022 жылғы таза пайдасы 13,1 млрд теңгені құрады.
Компания акционерлері құрамына:
«KMF-Демеу» корпоративтік қоры (Қазақстан) – 45,4% үлесі бар,
Сондай-ақ халықаралық қорлар: MultiConcept Fund Management, responsAbility SICAV (Lux), Legal Owner Triodos Funds B.V., TRIODOS SICAV II кіреді.
«Halyk Finance» АҚ – Halyk Bank-тің еншілес ұйымы, Қазақстандағы жетекші инвестициялық банк. Компания корпоративтік эмитенттер үшін бағалы қағаздар шығаруды ұйымдастыру мен орналастыру, қаржылық консалтинг, инвестициялық портфельдерді басқару, брокерлік және маркет-мейкерлік қызметтер, корпоративтік қаржыландыру, сондай-ақ тұрақты түрде аналитикалық қызметтер ұсынады.