cancel
KMF МҚҰ
KMF МҚҰ қосымшасында ашу
Жүктеу

Жанар Кушекбаева

Жанар Кушекбаева мектеп бітіре салысымен еңбекке араласты, кейіннен саудаға шықты. Уақыт өте келе жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жұмысын жүргізді. Алғашында ұсақ-түйек сатып бастаса кейіннен ыдыс-аяқ сатуды қолға алды. Бір кездері саудадан мән кетіп, баламен үйде отырды. Денсаулығы сыр беріп, инсульт алғанында дәрігерлер оған оқтаумен жаттығу жасау керегін айтқан. Ақыры бұл жаттығуы табысты кәсіптің басталуына себепші болған.

Жанар Олжабайқызы Қызылорда қаласында туған. Неге екенін мектеп бітірген соң оқуға деген аса құлшынысы болған жоқ, жұмыс істегісі келді. Бірден тауық базасына жұмысқа кіріп кетті. Балапан бағатын. Ол қызығып жүріп жұмыс істеді. Кейін есепші мамандығы бойынша сырттай білім алып, Үй басқармасына (Дом управление) жұмысқа тұрды. Екі ай жұмыс істегенде айлығы бір етік сатып алуға жетпеген соң өз еркімен жұмыстан шығып кетті.

«Кішкентайымнан ас үйде жұмыс істеп, түрлі тәтті тағамдар пісірген ұнайтын. Өзім тәттіге аса құмармын. Бір күні үш бәліш пісіріп, «Көршілеріңе сатып берші» деп Дана деген құрбыма алып бардым. Бұл бүкіл әлемді коронавирус індеті жайлаған карантин кезі болатын. Дүкендердегі азық-түлікті ел талап алып кетті. Қолмақол ақша тапшы. Не керек, бәлішім өтіп кетті. Ертеңіне тағы да бесеуін алып бардым. Араға үш күн салып пісірген бәліштерімді алып үйренген мекенжайға тағы жол тарттым. Осылайша базарға шықтым. Базардағылардың қолдарынан тағамның түр-түрін пісіру келеді ғой, дегенмен жұмыстан шаршап шыққанда дүкенде тұрып қалған емес, жаңа піскен дәмді асты жегісі келеді. Базардағы өзім білетін келіншектерге пісірген бәліштерімді алып барып, сата бастадым. Олардың біразын бұрыннан танимын, тіпті үйіме қонаққа келіп, жақсы араласатынбыз. Олар менің үйде өз қолыммен осындай дәмді бәліштерді дайындайтынымды біледі. Базарға алғашында бәліш, самса апарып жүрдім. Бірте-бірте бәліштерімнің саны артты. Бірінен бірі естіп, клиенттерім де көбейді. Өздері жегенімен қоймай, үйге, балаларына алып кететін болды. Инстаграммен жұмыс істеген жоқпын. Сол үшін базардағы өзім білетін адамдардан бастадым. Базардағылар қонақ шақырса да менің самса, бәліштеріме тапсырыс беруді әдетке айналдырды. Бірте-бірте сататын дәмді астарымның түрін де көбейттім. Уақыт өте келе клиенттерім «Базардан келген кезде қолым тимейді» деп 10 келі манты, 10 келі түшпара жасап беруімді сұрайтын болды. Бұл расымен де қолы тимейтін адамдарға ыңғайлы әдіс. Үйіне аяқ астынан қонақ келіп қалғандар да самса, бәліш, әсіпке жедел тапсырыстар береді», – дейді аспаз. 

Ол кәсіп бастап, жұмыс істеуіне отбасы үлкен қолдау білдіріп жатқанын айтады. Әрине, отағасы мен ұлдары Жанат пен Жігер оған қамыр илеп, нан жайып беріп жатқан жоқ, ас үйге керек заттарын алып беріп, қолдайды. Отбасы бір кездері денсаулығына байланысты үйде отырып қалған оның сүйікті ісімен айналысқанына қуанышты. 

«Үйде үнемі ас дайындай берген соң ысып кетеді, тәттінің иісіне де тоясың, қолайсыздық туады. Соған байланысты бір кездері жолдасым «самса, бәліш пісіргеніңді тоқтатсаң қайтеді?» деді. Бұл іс өзіме ұнайды, әбден қызығына кіріп кеткенмін. Ойланып, терезеге қарап отырып, жолдың арға бетіндегі ғимаратқа көзім түсті, біраз уақыттан бері бос тұрғаны есіме түсті. Бұрын бұл жерде дәмхана болған еді, алайда карантин кезінде жабылып қалғанға ұқсайды. Иесін тауып, ақыры жалға алдым. Ертеңіне жұмысты бастап кеттім. Қазір тапсырыс жетеді. Адамдардың бәрі бірінен-бірі естіп маған келіп, дәмді тағамдарымды алып жатыр. Біз дағдарысты дұрыс қабылдамайды екенбіз, дағдарыстың артында көркеюдің бір шеті тұрады екен. Карантиннің соңы мен үшін кәсіп боп кетті. Сүйікті ісің шаршауға жол бермейді. Себебі мен ертең не пісірсем екен деп YouTube, Instagram қарап, ізденемін. Осылайша қазіргі таңда сүйікті кәсібіммен айналысып отырмын», – дейді іскер ханым.


Ол KMF микроқаржы ұйымынан 2007 жылдан бері несие алып келеді. Жайма базарда ыдыс-аяқ сатып жүрген кез болатын. Компания жігіттері мәліметтер таратты. Сол мәліметтермен мұқият танысып, жан-жақтағылардан сұрастырып елмен бірге бір әрекет жасап көруді жөн санады. 

«KMF-тен Жаңаберген деген жігіт келіп, жұмыс орнымды тексерді, заттарымды санады. Бізге топтық несие тиімді екенін түсіндірді. Үш-төрт қыз-келіншек бірігіп, топтық микрокредит алдық. Кейіннен жайма базар әлсірей бастады, біз далада қала бердік. Бір күнде алдымдағы заттарымды арзан бағаға өткізіп жібердім. Сол кездері карантин боп қалды. Қорқыныштың арты маған қуанышпен келді. Дағдарысты сезінбегенде бұрынғы қалпыммен жүре берер ме едім, кім білсін? Қамырмен жұмыс істегенді жақсы көремін, тіпті рахаттанамын десем болады. Азық-түлікпен эксперимент жасаған ұнайды. Мұндай ізденістің соңы міндетті түрде жақсы бір нәтижеге алып келеді. 15 жылдан бері KMF-тің клиентімін. Компания қанатының астына алып бізді де қолдап келеді. Жастау кезімізде несие алып тауарға салып, оны ұқсата алмай қиналған кездеріміз болды. Қазір несиені де орынды пайдалануды білеміз. Күн ыстықта пісірген затыңды қайда тығарыңды білмей қаласың. Сол үшін KMF-тен тағы несие алып, екі тоңазытқыш пен мұздатқышқа қол жеткіздім. Маусымдық микрокредит алдым да, 0,1 пайыздық үстемақымен төлеп отырдым. Банкке барсаң тапсырыс берген күннен ақша қолыңа түскенше екі апта, бір ай өтіп кетеді. KMF ақшаны бірден береді, комиссия ұстамайды, бағалау да ақысыз. Біз үшін өте қолайлы», – дейді ол.

«Оқтаумен жасаған жаттығуым кәсібіме айналды»