cancel
KMF МҚҰ
KMF МҚҰ қосымшасында ашу
Жүктеу

Әсет Сәрсенбаев

Әсет Сәрсенбаев Алматы облысы Талғар ауданы Талдыбұлақ ауылынан. Ол он жылдан астам уақыттан бері KMF микроқаржы ұйымынан несие алады. Осы несиенің арқасында бизнесін жолға қойды, сауда да жан-жақты.

Айналасында бизнесінің бір жағынан болысып жүрген жанашыр бауырлары да бар. Ол бүгінде жылқы өсіріп, қымыз бен саумал сатады. Шипа іздеген жандар кезекке тұрып, сауын кезін күтеді деседі. Мұндай игі кәсіптің қашанда берекелі болатынына кәсіпкер нық сенімді.


Ол 90-жылдары колхоздың малын бақты. 1995 жылы колхоз тараған соң Күрті, Шелек ауданында мал өсіріп, жеке өз шаруасымен айналысты. Қыздары мектепке баратын кез жақындағанда олардың жақсы білім алуына жағдай жасау үшін осы Талдыбұлаққа көшіп келді. Үш қызының соңынан атұстар қос ұлы дүниеге келді. Қыздар өсіп, білімін алып, тұрмысқа шыққан соң мал шаруашылығымен айналысуды қойып, құрылыс компаниясында жұмысшы болды. Алматы мен Астанада біраз жыл құрылыс саласында жұмыс істеді. Дегенмен өзі бұрын айналысқан мал шаруашылығын қайтадан қолға алуды үнемі ойлап жүрді. Атқұмарлық – оның қанында бар қасиет. Әйтсе де мал алып, оны өсіру үшін қаржы қажет болған.

«2012 жылы «Сұлтан» базарында біреулерден KMF микроқаржы ұйымы туралы естіп, бірден несие алуға бел будым. 300 мың теңге несие рәсімдегім келетінін айтып едім, компаниядағы қыздар «Қора жайыңыз бар ма?» деп сұрады. Қызметкерлер қора жайымды келіп көрді. Сол қаражатпен басталған ісіміз берекелі болып, бүгінгідей дәрежеге жеттік. Бізде дағдарыс жоқ. Осы малдың арқасында балаларым білім алып, тамағымызды тауып отырмыз. Бәрі де еңбектің арқасы. Ең бастысы өз-өзіңе сенімді болып жұмыс істеу керек. Сыртта да малдарым бар. Саудада жан-жақтымын. Әр сауданың басында бір-бір адамым, анығын айтқанда, туған інілерім отыр. Бәрінің жұмысын өзім үйлестіремін. Он бір жыл мал бақтым. Біраз қиыншылықтар да бастан өтті. Көшіп-қонып жүресің. Кейде мал жоғалып кетсе түнімен жүріп іздейсің. Жауын-шашында, аязда малдың соңында жүру оңай емес. Қой да, жылқы да, сиыр да ұстадық. Мал басы көбейіп, тіпті жайылымға сыймайтындай болды. Кейін «жылқы ұстап, бие байлап, оның көктемде туған құлынын күзге дейін артынан қалмай жүріп баққанда орта есеппен 150-200 мың теңгеге сатасың. Ал бір биені саусаң күніне 7 литр сүт береді. Сатсаң – 7000 теңге. Сонда бір биені сауып жылына қанша пайда табатыныңды есептей бер. 100 жылқының соңында жүргеннен он бес биені саууға ұстап отырған артық емес пе» деп жігіттермен ақылдасып, осы тоқтамға келдік», – дейді кәсіпкер. 

Әсет Нұрақынұлының өз қасапханасы жұмыс істеп тұр. «Әділет» базарындағы қой сойып сататын екі орында үлкен ұлы саудада. Басқа аудан, облыстардан да хабарласып, ет алып кететіндер бар. Олар бұл кәсіпке әбден үйренді. Кәсіптің нағыз қазақша түрі. Олардың қымызы мен сірнесін арнайы іздеп келетіндер де жеткілікті. 

«KMF – бизнестегі серіктесім»