cancel
KMF МҚҰ
KMF МҚҰ қосымшасында ашу
Жүктеу

Наталья Винькова

Түркістан облысы Түлкібас ауданы Тұрар Рысқұлов атындағы ауылдың тұрғыны Наталья Винькова кәсібін кішігірім дүңгіршекті жалға алып, балмұздақ сатудан бастады. Бұл 90-жылдардың ортасы болатын. Жаз мезгілі, күн ыстық. Бірден жұмыс жүрді. Ата-аналар балаларымен жиі келетін. Уақыт өте келе қолынан іс келетінін байқады. Іс жүргізуге деген сенім пайда болып, біреуге емес, өзіне жұмыс істеуді қалады. Міне, осындай мақсатпен ашылған «Веста» дәмханасына қазір он жыл болды. Кәсіпкердің айтуынша, веста сөзі отбасы ошағының қамқоршысы деген мағынаны білдіреді.



«Киосканы жалға берген кісі кейіннен бос кафенің жұмысын жүргізуді ұсынды. Негізі, ол жер демалыс үйі болғандықтан, жолдамаға тамақтану да кіреді. Сол себептен кафеде кәуап, салқын тіскебасарлар, сусындар мен спирттік ішімдіктер ұсынылатын. Кешкұрым диджейіміз сауық кешін ұйымдастыратын. Екі жыл бойы ісіміз жақсы жүрді. Одан кейін «жұмысымызды әрі қарай дамытайық» деген оймен орталығымыз Ақсукентте мейрамхана ғимаратын жалға алып, жұмыс істедік. Бізді сол жерден осы ауылдың (ол кезде Ванновка ауылы) өкілдері байқап, өздеріне жұмыс істеуге шақырды. Бізге үлкен мүмкіндіктер ұсынды. Мейрамхана құрылысы тұрғызылған, бірақ қажет жабдықтарымен, интерьерімен өзіміз айналыстық», - дейді кәсіпкер. 

1998 жылы бұл ауылда ондай демалыс орындары жоқтың қасы еді. Сол себептен болар, мейрамхана халық арасында сұранысқа ие, танымал жер болды. Бұл кезде ұлы Шымкент қаласындағы аспаздық колледжін бітірген, кейін университетте оқыды. Қазір жұмыс тәжірибесі мол, 5-разрядты аспаз. Жолдасы да аспаздық курстарынан өтті. Олар үлкен асханаларда тәжірибе жинады. 

Наталья Винькова құлшыныспен басталған, бүгінде жолға қойылған істерін ұрпағы жалғастырғанын қалайды. Бұрын өзі көбіне пештің қасында жүрсе, қазір бұл істі ұлына сеніп тапсырған. Білгенін келініне де үйретуден жалыққан емес. Қазіргі жеткен жетістіктері үлкен махаббат пен қажырлы еңбектің жемісі болғандықтан, жауып, тастап кете алмайды. Олар үш бала тәрбиелеп өсірді, оның екеуі қазір Мәскеуде тұрады. Қасындағы, қолқанат болып жүрген ұлының да бүгінде үш баласы бар. Алдағы уақытта немерелерінің де отбасылық кәсіпке араласқанын қалайды. Сонымен қатар, олар келешекте кәсіптің басқа түрімен де айналысуды жоспарлап отыр. Алға қойған үлкен мақсаттары, идеялары бар.

«Дәмханамызда жұмыс істейтін аспаздар мен даяшыларға арнайы форма алғымыз келген. Қаланы тұтас аралап шығып ақ күртешеден басқа ештеңе таппадық. Аспаздарға қыстық күрте алып едік, бірақ оның сапасы өте нашар болып шықты. Кейін тағы да форма тіктіруге тапсырыс бердік, оның да тігілуі көңілден шықпады. Алматыда тұратын әпкем тігін цехындағы құрал-жабдықтарын жаңартатын болып, тігін машинасын бізге сатып алуды ұсынды. Бізде жақын жерде тігін ісін оқытатын колледж бар. Сол жақта өзімізге форма тіктіріп отырсақ деп ойладық. Ал жұмысшыларымыз бірдей, әдемі формамен жүреді. Кейіннен бәсекелестерді қарап көрсем, формамен жұмыс істейтіндер жоқтың қасы екен. Бірақ біз әрдайым форма тіктіре бермейміз ғой, сондықтан тігіншілердің әрдайым жұмысы мен жалақысы болатындай сатуға тіксек деп ойладық. Уақыты келгенде Шымкенттің нарығына да шықсақ болады. Тігіске әзірге кіріскен жоқпыз, қажетті құрал-жабдықтарын реттеумен айналысып жатырмыз. Дәл қасымызда бұрын құйылмалы сыра сатқан бос ғимарат да бар. Сол жерде неге гүл сатумен айналыспасқа? Ол тағы бір идея. Мысалы, келе жатқанда гүлге көзіңіз түседі де, серігіңіз гүл алып беріп сізді қуантады. Дәмханамызда туған күндер мен түрлі іс-шаралар жиі өтіп жатады. Сол үшін гүлдің жақын жерде болғаны дұрыс еді. Бұл жоспарымызды да қазір қарастырып жатырмыз. Жақын маңдағы гүл дүкендерін қарап, сапасын, қандай гүлдер сатылымда барын, бағаларын қарап жүрміз. Негізі тамақтану орны жақсы табыс әкеледі. Дегенмен пандемия сияқты кенеттен қиыншылықтар туындаса, біз және жұмысшыларымыз табыссыз қалмауы үшін, өзімізді өзіміз сақтандыру үшін неге қосымша кәсіп ашпасқа?! Сондықтан басқа кәсіп түрімен де айналысып көруді шештік», – дейді ол.

«Бізге KMF қолайлы екеніне көзіміз жетті»