Заказать
звонок
X

Консультация

На данный момент рабочий день закончен, перезвоните позже или оставьте свое имя и телефон
Мы перезвоним Вам и ответим на любые Ваши вопросы!

Жду звонка 30:00 сек

12 Ақпан 2013 Микрокредиттік ұйымдардың атын шағын қаржы ұйымдары деп өзгертіп және реттеушінің қарауына қайтарады

Ұзақ уақыт сөз болған және микрокредиттеу нарығында күткен нәрсе орындалды. Қараша айының соңында президент «Шағын қаржы ұйымдары туралы» (ШҚҰ) Заңға қол қойды. Жаңа құжат 2003 жылдан қолданыста болған «Микрокредиттік ұйымдар туралы» (МКҰ) Заңның күшін жояды. Аты өзгертілген МКҰ реттелетін қаржы нарығының толыққанды қатысушыларына айналады.

Бұрынғы реттеуші заңнамамен уәкілетті органның (бұл жағдайда ҚР Ұлттық банкінің) тарабынан реттелуі, бақылау және қадағалау көзделмеген болатын. МКҰ статистика және әділет органдарында ғана тіркелетін. Енді олар ҚРҰБ тізіліміне енгізілетін болады, олар үшін қосымша талаптар, атап айтқанда — қаржы нарығының басқа да қатысушылары: банктер, сақтандыру компаниялары, зейнетақы қорлары және т.б. сияқты, пруденциялық нормативтер белгіленеді. Бұдан өзге, олар реттеуші және қаржы есептемесін ұсынуы керек. Ықпал жасаудың және санкциялардың шектеулі шаралары, сондай-ақ уәкілетті органның тарабынан ШҚҰ қызметіне тексерулерді жүргізу сияқты құқықты шектейтін сипаттағы шараларды қолдану көзделген. Банктер сияқты, ШҚҰ да қарыз алушылар және берілген қарыздар туралы барлық мәліметтерді несие бюросына табыс етуі керек.

Шағын қаржы ұйымдары ретінде олар, несиелерді беруден өзге басқа қызметпен де: халықтан қарыз алудан басқа, гранттар мен қарыздарды берумен, лизинг қызметтерді көрсетумен, сақтандыру компанияларының тапсыруы бойынша сақтандыру шарттарын жасасумен, кеңес берумен, оқытумен және т.б. айналыса алады (Заңның 19 б. қара.).

Заңның жобасында ШҚҰ ұйымдарын акционерлік қоғам түрінде құру және осы қалпында өз акцияларын шығару және қаражаттарды тарту үшін инвесторлардың арасында орналастыру ұсынылған болатын. Бірақ бұл ереже құжаттың ақырғы нұсқасына енгізілген жоқ. Дегенмен реттелетін нарықтың секторына кіруі оның ашықтығын, олай болса — ШҚҰ ның инвестициялық тартымдылығын да арттырады. Бұл шағын қаржы ұйымдарының жарғылық капиталының мөлшерін көбейту көзделіп отырған кезде маңызды болып табылады. Заңда, ЖК мөлшерін уәкілетті органның белгілейтіні көрсетілген. Бұрын МКҰ ны ашу үшін несиенің ең жоғары сомасы 8 мың АЕК (2012 жылы оның мөлшері 1618 теңге деңгейінде белгіленген), ЖК мөлшерін 1 мың АЕК мөлшерінде төлесе жеткілікті болатын (10 мың доллардан сәл артық). Кейбір деректер бойынша қазір реттеуші ШҚҰ үшін ЖК сомасы 30 млн теңгенің деңгейінде (шамамен 200 мың доллар) қарастырылуда. Егер жарғылық капиталдың мөлшері осы сомаға дейін көбейтілетін болса, ШҚҰ-лардың қосылуы, жұтылуы және нарықтан өз еркімен кетуінің есебінен олардың санының азаюын күтуге болады, өйткені компаниялардың барлығы бірдей ЖК-ны талап етілген деңгейде дейін арттыра алмайды. Түптеп келгенде, бұл ҚРҰБ мақсаттарына қайшы келмейді: әлсіз ойыншыларды нарықтан ығыстырып шығарып, ШҚҰ қызметінің тәуекелін азайту және қызметтердің сапасын арттыру.

Бірақ микрокредиттеудің нарығы бұл жаңа ережелерсіз де қысқарған болатын. ҚР статистика жөніндегі агенттігі 2012 жылдың 1 қазанында тіркелген 1765 МКҰ-ның белсенді әрекет етуші 544 ғана анықтады. Түсіндіре кетейік: белсенді әрекет етуші болып саналу үшін, статистикалық агенттікке есеп беруді ұсынса жеткілікті. Дегенмен, көптеген компаниялар, өздерінің неге дайындалу керектігін білу үшін, заңның шығуын күткен болуы керек.

Ұлттық банк және әсіресе Қаржылық қадағалау агенттігі (қаржы нарығын реттеуші ретінде жеке қызмет атқарған кезінде) МКҰ-ның халыққа қызмет көрсету жөніндегі қызметін шектеуді талап еткен болатын. Дағдарыстың уақытында, банктердің көп бөлігі мерзімі кешіктірілген қарыздардың үлесінің жоғары болуы, сондай-ақ өтемпаздықтың проблемаларының болуына байланысты жаңа несиелерді беруді қысқартқан кезде, МКҰ, керісінше, несиелендіру нарығында өзінің қатысуын кеңейтті. Оларға, ең жоғары сомасы 85 мың долларды құрайтын қарыздарды ұсынуға рұқсат берілді, және қарыз алушылар МКҰ¬-ның қызметтерін қанағаттана пайдаланды.

ҚҚА-ның бұрынғы төрайымы Елена Бахмутова МКҰ-ны, олардың банктерді алмастырғаны және тіпті, бұған құқығы болмаса да, ипотекалық несиелерді береді деп сынға алған болатын. Оның айтуы бойынша, МКҰ өндірісті, шаруа қожалықтарын несиелермен қамтамасыз етуі тиіс. «Микрокредиттік ұйымдар өндірістік салада шағын несиелерді ұсынуы және қызмет көрсетудің жоғары стандартын, реттеудің жоғары сапасын талап ететін салалармен айналыспауы керек», — ол 2010 жылдың қыркүйек айындағы конференциялардың бірінде МКҰ-ларға осындай талаптарды бағыттаған еді. Сол кезде оны Ұлттық банктің төрағасы Григорий Марченко қолдады. Ол, МКҰ ның қызметі шектелуі керек деген болатын.

Шағын қаржы ұйымдары туралы заңның жобасына Тұжырымдамада МКҰ-ды реттеудің қажеттігінің себептері неғұрлым толық ашып көрсетіледі. «Мемлекеттік органдарда МКҰ-дың немен айналысатыны, қандай өнімдерді ұсынатыны, өзінің клиенттерімен қалай өзара әрекет ететіні туралы ақпарат жоқ. Бұндай ақпараттың болмауы өз кезегінде сенімсіздікті, соның ішінде халықтың тарабынан да, тудырады. МКҰ-дың ҚР статистика жөніндегі Агенттігіне ұсынатын деректері жеткіліксіз. БАҚ¬-да жарияланатын ақпаратты талдау, сондай-ақ мемлекеттік органдарға келіп түсетін МКҰ қарыз алушыларының шағымдарын қарау МКҰ-дың қызметінің ашық еместігі, микрокредиттеу жөніндегі қызметтердің төмен сапасы және әр түрлі жолмен қызмет бабын теріс пайдаланулардың бар екені туралы айтуға болады — мысалы, МКҰ атын жамылған әр түрлі “қаржы пирамидалары” (Көкшетаудағы “миллионерлер клубы”), қарыз алушылардың мерзімі өткен қарыздарды қайтаруы кезінде, “асыра сілтеумен” байланысты теріс пайдалану деректерінің болуы», — деп көрсетіледі құжатта.

Әлбетте, Тұжырымдамада аталған ұйымдар мемлекеттік бағдарламаларға қатыса алмайды. Бірақ «Жұмыспен қамту-2020 бағдарламасының» екінші бағытының шеңберінде МКҰ-ды пайдалану көзделген: олар өздеріне жергілікті атқарушы органдар арқылы ұсынылған қаражаттардың есебінен өз ісін ұйымдастыруға, МББ орташа табыстылығына тең мөлшерлеме бойынша несиелерді беруі керек (түпкі қарыз алушыға олар 7,5–8%-ға түседі). Сондықтан реттеушіге мемлекет қаражатының қайтарылмауының және олардың мақсатсыз жұмсалуының қаупін барынша азайту маңызды еді. Ал бұған реттелетін секторда қол жеткізу оңай болады.

МКҰ және олардың қызметіне жаңа заңның тигізетін әсері туралы әңгімені «Қазақстанның шағын қаржы ұйымдарының Қауымдастығы» ЗТБ директоры Анатолий Глуховпен жалғастырамыз.

- МКҰ-ны бірнеше жыл бұрынның өзінде-ақ реттеуші органдар сынның астына алған болатын. Сіз бұл сынды әділ және сындарлы деп санайсыз ба?

- Кез келген сын — ол әділ ме, жоқ па, оған қарамастан, белгілі бір пайда әкеледі, өйткені өзіміздің айналысатын қызметімізді қайта қарап шығуға итермелейді. Микрокредиттеу де бұдан тыс қала алмайды. Бір жағынан, елде жұмысын дұрыс жүргізіп жатқан ондаған, ал мүмкін, жүздеген де микрокредиттік ұйымдар бар, олардың қызметі туралы БАҚ да ештеңе де айтылмайды, ал басқа жағынан — «МКҰ» атын жамылған алаяқ құрылымдардың қызметі туралы деректер немесе МКҰ мен қарыз алушылардың арасындағы дау-жанжал БАҚ-да кеңінен жарияланады. Нәтижесінде — барлық сектордың бедел-бейнесі теріс жағынан көрінеді; сондықтан Қауымдастық өзінің көптеген жарияланымдарында кәсіпкерлер мен үй шаруашылығы үшін микрокредиттеудің маңыздылығы және пайдасы туралы, қарыз алушылардың қандай құқықтарға ие және МКҰ-ның қандай міндеттері бар екені туралы баяндаған және баяндауын жалғастыруда. Бұл жағдайда ең бастысы — дұрыс шешімдердің қабылдануы, және мемлекеттік органдар Қауымдастықтың қатысуымен шағын қаржыландыруды дамытудың мемлекетпен реттелетін жаңа үлгісін жасады, онда микрокредиттік ұйымдардың институционалдық өсуіне алғы шарттар жасалады және сонымен бірге микрокредиттерді тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың тетіктері күшейеді.

- МКҰ-лар осы уақытқа дейін қалай құрылып және қызмет атқарып келді? Олардың құрылуына банктер қатысты ма? Түсіндіре кетейін: банктер үлкен маржаны алу үшін МКҰ-ларды құрып, оларды қаржыландыратыны туралы жиі айтады, өйткені микрокредиттер — нарықтағы ең қымбат ақша, сондай-ақ осы уақытқа дейін МКҰ-лардың қызметі де реттелмеген болатын…

- Бұрын, 2003 жылдан бастап, МКҰ-лар «Микрокредиттік ұйымдар туралы» Заңның негізінде несиелендірумен айналысып келді, ал 2003 жылға дейін бұл ұйымдар Ұлттық банктің сәйкесінше лицензиясының негізінде қызмет атқарған. Сондықтан президент қол қойған «Шағын қаржы ұйымдары туралы» Заңға сәйкес Ұлттық банкпен өзара әрекет ету бұрыннан қызмет атқарып келе жатқан МКҰ-лар үшін сондай бір ерекше жаңалық болмайды. Банктердің МКҰ-ларды құруға және қаржыландыруға қатысты ма деген сұраққа келер болсақ — әрине, қатысқан: Альянс Банктің микрокредиттік ұйымдары барлығымыздың есімізде. Басқа мәселе — олардың қазір қайда екендігі және олардың қаншалықты табысты болғандығы… Қанша дегенмен микрокредиттеу өзінің ерекшеліктеріне ие, банктік несиелендірудің бағытынан өзгеше болып келеді және МКҰ-ны бұлдыр «үлкен» маржа үшін құру — бұл іске аспайтын жол.

- МКҰ-лардың алдында қандай міндеттер тұрды және олардың қызметі бұған толық көлемде жауап бере алды ма?

- Өзінің мәнісі жағынан өте либералды болған «Микрокредиттік ұйымдар туралы» Заңды қабылдаудың мақсаты жеке кредиторлардың қызметін заңдастыру, сондай ақ дәстүрлі банк қарыздарына қол жеткізе алмайтын азаматтардың санатын қаржыландырудың тұрақты көздерін құру болып табылатын. Қойылған міндеттер орындалды деп айтуға болады: елде 2012 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 1765 микрокредиттік ұйымдар тіркелген, олар 2012 жылдың бірінші жарты жылдығында 37,5 млрд теңгенің 119 000 микрокредитін ұсынды (2011 жылы бұл сан сәйкесінше 486 000 және 104,8 млрд теңгені құраған). МКҰ лардың жартысына дерлігі қызмет атқармайтынын есепке ала отырып, МКҰ ларды сандық өсуден сапа өсуге түрлендіруге бағытталған қадамдарды дұрыс деп санаймын.

- МКҰ ларға қандай тәуекелдер тән? Банк тәуекелдерінен өзгешелігі неде?

- МКҰ қызметіне банк тәуекелі сияқты тәуекелдер тән деп ойлаймын: ең үлкені — микрокредиттің қайтармаудың тәуекелі, өйткені біздің негізгі қызметтің түрі — бұл несие беру. Бірақ сонымен бірге банк үшін дәстүрлі кейбір басқа тәуекелдердің түрлері МКҰ ¬да болмайды, өйткені МКҰ салымдарды және депозиттерді тартпайды, бағалы қағаздарды шығармайды, төлем жүйесінің қатысушысы болып табылмайды. Айтпақшы, жаңа «Шағын қаржы ұйымдары туралы» Заңның қолданысқа енуімен сектор үшін тәуекелдің жаңа түрі — реттеу тәуекелі қосылады.

- мемлекетпен өзара әрекет ету қалай жүзеге асады? ШҚҰ арқылы мемлекеттік қаражаттардың есебінен қаржыландырудың бағдарламалары бар ма?

- Қазіргі уақытта мемлекет микрокредиттік ұйымдар арқылы «Жұмыспен қамту-2020 бағдарламасының» бағыттарының бірін — ісін бастаушы кәсіпкерлерге қаржылық қолдау көрсету жөніндегі бағытты жүзеге асырады, сондай-ақ «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ (АШҚҚҚ) желісі бойынша құрылған ауылдық микрокредиттік ұйымдардың желісі арқылы ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға қаражат бөледі. Келесі жылы “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ желісі бойынша қаржыландырудың жаңа бағдарламалары және құралдары жасалады деп ойлаймын. Және егер бірінші бағдарламалар бойынша ақырғы қарыз алушыға тікелей баса назар аударылса, ал «Даму» бағдарламалары ШҚҰ-ның өзін дамытуды да ескеретін болады. Сонымен бірге, АШҚҚҚ құрылымының — жас микрокредиттік ұйымдардың қалыптасуына техникалық қолдау көрсететін микрокредиттік ұйымдарды қолдау орталығының оңды рөлін де атай кеткім келеді.

- Көптеген елдерде, мысалы Қытайда, МКҰ (ШҚҰ) жеке кәсіпкерлерге өз ісін ашуға өте төмен пайыздармен несиелерді бере отырып, мемлекеттік тапсырыстарды орындайды. Біздің ШҚҰ лар осы схема бойынша жұмыс істей ала ма және бұл мемлекетке және кәсіпкерлердің өзіне қажет пе?

- Жоғарыда мен, бұндай тәжірибенің бізде де бар екенін айттым. Сөзсіз, бұл кәсіпкерлікке қысқа мерзімді қолдау көрсетудің және оның қалыптасуының маңызды мемлекеттік құралы. Бірақ орта мерзіммен алғанда бұндай механизмдер шағын қаржыландыру секторына теріс әсер етуі де мүмкін, өйткені нарық заңдары бұзылады, бәсекелес орта жойылады. Бұдан өзге, мемлекет бұл қаражаттарды үнемі бөліп отыра алмайды, өйткені басқа да көмекке мұқтаж, экономиканың неғұрлым әлеуметтік маңызды секторлары бар. Сәйкесінше, микрокредиттерге кепілдік беру, сондай ақ пайыздық мөлшерлемелерге көмекқаржы берудің механизмдері микрокредиттеу арқылы кәсіпкерлерді қолдаудың неғұрлым тиімді тәсілі болып табылады деп санаймын.

- Ал МШҰ-дың өзіне бұл тиімді ме?

- Микрокредиттеуде пайыздық мөлшерлемелер дәстүрлі түрде әрқашан банктің мөлшерлемелерінен жоғары болып келген. Және бұл көп ақша табудың тілегіне емес, шынайы экономикалық үдерістерге байланысты: көлемі шағын қарыздарға қызмет көрсетудің операциялық шығындары бір ірі қарызға қарағанда недәуір жоғары. Бұдан өзге, МКҰ бұндай шығындардың орнын басқа қызметтің түрлерінің есебінен толтыра алмайды, өйткені олар заңнамада көзделмеген. Бұл мәселені жалпы қарастыра келе, ШҚҰ-ның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мен тұтынушы үшін микрокредиттердің қол жетімділігінің арасындағы тепе-теңдікке қол жеткізу қажет деп санаймын. Зерттеулерге сәйкес, қарыз алушы үшін пайыздық мөлшерлеменің көлемі шешуші фактор болып табылмайды, қағазбастылықтың әуре-сарсаңының болмауы және несие рәсімдерінің жылдамдығы басымдыққа ие.

- ШҚҰ үшін жаңа заң бойынша жарғылық капиталдың мөлшері бірнеше есе арттырылды. Компаниялардың барлығы бірдей капиталын белгіленген деңгейге — шамамен 30 млн теңгеге дейін арттыра алады ма?

- қанша дегенмен ШҚҰ ның қызметі жүйелі қаржылық тәуекелдердің пайда болуына әсер етпейді (біз бұл туралы айтқан болатынбыз), сондықтан, Ұлттық банк бұл мәселеге қатаң қарайды деп ойламаймын. Бұдан өзге, «ШҚҰ туралы» Заңмен белгіленген үш жылдық өтпелі кезең МКҰ үшін өз қызметінің бағытын дұрыстап алуына жеткілікті; сонымен бірге, ол Ұлттық банкке жағдайға талдау жасап және баламалы пруденциялық реттеуді белгілеуіне мүмкіндік береді.

- Сіздің ойыңызша, үш жылдан кейін шағын қаржыландырудың нарығы қалай өзгереді?

- Толық табиғи нарықтық үдерістер жүзеге асады: бәсекелестік артады, жаңа ойыншылар пайда болады. Егер көптеген компаниялар нарықтан кететін болса, оған таң қалуға болмайды. Жаңа заң ШҚҰ қызметіне шамадан тыс талаптарды қоймайды, сондықтан дамуға ұмтылатын және әлеуметтік жауапты қаржыландырумен айналысатын компаниялар өздері үшін жаңа мүмкіндіктерді ашады. Қауымдастық бұл тұрғыда оларға жан-жақты көмек көрсетіп және олардың мүдделерін қорғайтын болады.

Көзі expert.ru Светлана Грибанова


?>Сұрақ қою
Резюме жіберу
resume
success