cancel
KMF МҚҰ
KMF МҚҰ қосымшасында ашу
Жүктеу

Жанна Бопаева

Кәсіптің бір күнде аяққа тұрып кетпесі анық, әсіресе қаржың, тіпті басыңда баспанаң да болмаса. Дегенмен қайсар жандар аз емес. Ісін KMF-пен бастап, он, жиырма жылдап клиенті болып, бүгінде ірі кәсіпкерге айналып, бизнестің бірқатар түрін басқарып отырғандар бар. Солардың бірі - Жанна Қайырбекқызы Бопаева.

Кәсібін бір бөлмеде бастаған Жанна Қайырбекқызы дәл қазір жеке баспахананың иесі. Тапсырыстарды еліміздің түкпір-түкпірінен қабылдап, уақытында жөнелтеді. Отбасын аяғынан тік тұрғызып, бойын тіктеген іскер ханым 1974 жылы Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Қарасу ауылында дүниеге келіпті.

«Тұрмыс құрғаннан кейін жұмыс іздеп Алматы қаласына көшіп келдік, алайда ол жұмысымды жалғастырмадым. Жолдасым екеуміз «Дәуір» баспаханасына жұмысқа орналасып, екі жыл еңбек еткеннен кейін қысқарту болып, екеуіміз де жұмыссыз қалдық. Алайда ол жерде біраз дүниені көріп, үйреніп, меңгерген едік. Сол істі өзіміз бастап, кәсіп ашайық деп шештік, кәсіптегі жолымыз осылай басталды. Әрине, кәсіпті бірден бастап кету оңай шаруа емес, ісімізді ең алдымен үйде қолға алдық. Станогымыз жоқ, жолдасым қажетті заттарды сатып алып, тасып жүрді, барлығын қолмен кесеміз. Басымызда үй де жоқ, жалдамалы. Жалдап тұрып жатқан бөлменің иесіне алдын ала ескертіп, айтып қоятынбыз. Қағаздар болады, ренжімейсіздер деп. Сыртқы беттерді басқа жерлерге барып бастырып жүрдік, көлігіміз де жоқ, такси жалдап таситын едік, бұл 2000 жылдардың бас кезі болатын. Ол жылдар тек күнкөрістің қамы еді – тамақ ішу, бала-шағаның киімі, керек-жарағы, артық тиын деген болған емес», - дейді Жанна Бопаева.

Айтуынша, ол кездерде несие ала алмаған, себебі тұрақты жалақы жоқ, тиісінше аударымдар да болған емес. 

«Тіпті қарыз сұрап кеткен кездеріміз де болды. Осылайша қиындықтан басталған ісіміз қазір керемет дәрежеге жетіп отыр. 2011 жылы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Бәйтерек ауылына көштік. Мұндағы ең алғаш тұрған үйіміз сарай (времянка) болатын. Бола тұра кәсібімізді тастамадық, тар да болса сол сарайда өмір сүріп, жұмысымызды жалғастырдық. Тиынды тиынға құрап, бір айдан бір айға жалғап жүрген кезеңіміз ұзаққа жалғасты. Астымызда көлігіміз жоқ болса да үй салып бастадық. Тапсырыстарды орап, арбаға салып тас жолдың бойына шығамыз. Такси ұстаймыз, алайда көпшілігі жеткізуден бас тартатын, келіскені өте көп ақша сұрайтын, сөйтіп жүріп тапсырыс берушілерге жеткізетінбіз», - дейді ол.

Жанна Қайырбекқызы KMF туралы анасынан естіген. Себебі оның анасы да, інісі де осы компанияның клиенттері.

«Осыдан 11 жыл бұрын алғаш рет несие алдым және ол қаржыны берген KMF компаниясы болатын. Ол кездері анама жақын жерде тұрдым. Бір күні анамның сол компанияның клиенті екенін, бірнеше адамның бірлесіп топтық микрокредит алатынын, өз топтарының бар екенін және 10 адамға дейін сол топқа кіруге болатынын естідім. Кейбірі дүкенін, кейбірі өзге де кәсіптерін көрсетіп, микрокредит рәсімдеген екен. Мен де өтініп, сол топқа кірдім. Тобымыздың аты «Бастау» болды. Топтағы оншақты адам ұзақ жылдар бойы бірге жұмыс істеп келдік, тобымызда зейнеткерлер де бар еді. 

Ол жылдары міндетті түрде бөлімшеге баратынбыз. Барлығымыз топталып, ақшамызды жинап, кешіктірмей, бір-біріміздің алдымыздағы жауапкершілікті сезініп, бірлікте болдық. Дегенмен уақыт өте келе зейнеткерлер топтан шықты, адам азайды. Біздің де кәсіптің ауқымы өсіп, дамып, қанаттанып, жеке басымызға несие рәсімдей алатын дәрежеге жеттік, үй тұрғыздық», - дейді кәсіпкер.

Қазіргі таңда Алматыдағы «Байсат» базары, Адем сауда үйлерінен тапсырыс көптеп түседі, яғни тапсырыс берушілердің басым бөлігі базарда. Елорда, Талдықорған, Алматы, Қарағанды қалаларынан тапсырыстар алып, тендерлер арқылы да жұмыс істейді.

«KMF-тің ғұмырлы болуын тілеймін!»