«Гүлбарам әжем өте ширақ кісі еді. Жетпіс жасында есекке мініп, жайлауға барып, төрт-бес мезгіл бие сауып, сүт пісіріп, айран ұйытып, үйдегі он екі баланың кірін жуып үлгеретін. Тірлікті бір-біріне ұштастырып, арасында тоқыма тоқып, тігіс тігіп, құрақ құрап отыратын. Қазір өзімнің де ұл-қызым бар, бұйырса, ертең немерелерім болғанда сол кісілерден үйренгенімді ұрпағыма үйреткім келеді. Оның үстіне педагогикалық және бухгалтер-экономист мамандығым бар. Он тоғыз жасымда тұрмысқа шықтым. Менің киіз басып жатқанымды көрген болашақ қайын жұртымның үлкендері «мына қызды келін қылып аламыз» депті. Мен жақсы отбасынан одан да жақсы отбасыға келін болып түстім. Олай деуімнің себебі – бұл үйде Отарбай, Сағындық Шыналиевтер деген кісілер тұрған. Ол кісілер – ауданның құрметті азаматтары, соғыс ардагерлері. Соғыс кезінде апамыз медбике, атамыз қатардағы жауынгер болған. Олар жастай соғысқа кетіп, соғыс аяқталған соң үйленіп, отау құрған. Атамыз 2007 жылы, әжеміз 2010 жылы, одан көп ұзамай жолдасым қайтыс болып кетті. Қолымда екі балам бар. Біраз уақыт не істерімді білмей, абдырап қалдым. Балаларды өсіру үшін жұмыс істеу керек болды», – дейді ол.
Ол тығырықтан шығудың амалын жан-жақты қарастырды. Шұлық, орамал тоқып сатып, табыс тапты. Дегенмен діттеген мақсатқа жету үшін мұнымен тоқтап қалғысы келмеді. Тойларда тамақ, салат жасап беріп жүрді. Бірақ бұл да тұрақты жұмыс емес. Расима Керімқызы бір кездері Мәскеуге де барып, бір жылға жуық уақыт жұмыс істеп келді. Бір үйдің адамдары мен жұмысшыларына ас дайындап, үйдің басқа да шаруаларын басқарып отырды. Ол Мәскеуге өзге ел болғандықтан, жеке адамдарға қызмет етіп көрмегендіктен табыс көзі ретінде емес, қызығушылықпен барды және ол жақтан елге қомақты табыспен оралды. Өзі тұратын ауылдағы үйінің қасындағы «Астана» дәмханасын жалға алып, ол жерде екі жылдай жұмыс істеді. Дегенмен жалға берген адаммен келісе алмай, жұмысын тоқтатқан көрінеді. Кейін Леңгірден де дәмхана жалдап көрді. Бұл жақта да келіспеушілік болып, жұмысты тоқтатуға тура келді. Сол кезде айналасындағы жанашыр жақындары, достары «сенің үлкен үйің, 20 сотық жерің бар. Соның бір бұрышына өз кафеңді аш. Уақыт өте келе үлкен ғимарат саласың» деп кеңес берген. Әпке-ағаларымен ақылдасып, жұмысты бастап кетті. Жұмыс бір-бірімен ұштасып кете берді. Жіптің ағытылатын ұшын тапқан адам ары қарай қалай орайтынын өзі біледі. Ол іскерліктің қыр-сырын білуге, білім алуға барын салды.
«2010 жылы KMF микроқаржы ұйымынан топтық несие алдық, кейіннен жеке шығып, 100-200 мың теңге көлемінде микрокредит рәсімдедім. 2015 жылдан бері жыл сайын алып отырамыз. Соңғы алған несиелеріміз 4-5 миллион көлемінде. Кейінгі жылдары KMF-тің тиген пайдасы – мал өсіріп отырмыз. Компанияның қызметкерлері үнемі жаңалықтарымен, жаңа өнімдерімен, науқандарымен бөлісіп, хабарласады. Қаржысыз ештеңе істей алмайсың. Бір жылы 500-600 мың теңгеге құрал-жабдық алдым. Қазір бес адам жұмыс істеп жатырмыз», – дейді кәсіпкер.