cancel
KMF МҚҰ
KMF МҚҰ қосымшасында ашу
Жүктеу

Дәмегүл Әбіханова

Алматы облысы Көкөзек ауылының тұрғыны Дәмегүл Абиханованың бала кезден сүйікті ісі тігіншілік болды. Дегенмен ол медицина саласы бойынша білім алып, қызмет етті. Күндіз фельдшер болып жұмыс істеп келеді де, түнде тігінге кіріседі. Кейіннен ол жан қалауымен осы салаға біржолата бет бұрып, ұлттық киімдер тігу кәсібін қолға алды. Он саусағынан өнері тамған шебердің тіккен киімдері қазір «Сымбат» сән академиясы, «Еркенұр», Аида Кәуменованың коллекцияларымен бірге көрсетіліп жүр. 

Ол алғашында перде, көкпар шабатын аттарға жабу тікті. Әуелі Германиядан бір кісі осындай жабуды 200 долларға тігіп беруін өтінген. Сырты су өткізбейтін брезент мата болса, іші жып-жылы нәресте көрпешесі. Бұл көкпар шауып терлеп келген аттарға жақсы жабу болды. Теңгенің енді айналымға еніп жатқан кезінде 200 доллар айтарлықтай қомақты ақша болды. 

«Кейіннен автокөліктерге тысқап, құрақ, ою көрпе, жастық, 90-жылдары сұранысқа сай қазақи киімдер тіге бастадым. Бұл кезде отбасыммен Түркістан облысының Жетісай қаласында тұрдық. 1996 жылы кіші ұлымды өмірге әкеліп, бала күтіміне байланысты демалыста болдым. Жұмысқа шығатын уақыт келгенде отағасы үйде болып, балалардың тәрбиесімен айналысқанымды қалады. Мектеп табалдырығын аттағалы отырған үлкен ұлдардың жағдайын ойлап, өзім де осы шешімге келдім. Жолдасым төрт тігін машинасын сатып алып берді де, қасыма көмекші қыздар алып, өзімнің сүйікті ісіммен айналысуды бастап кеттім. Біз тіккен қазақша киім мен көрпеге елдер қызығып, сұраныс арта бастады. Жетісайдың базарынан «Сіздің заттарыңызды сатайық» деген екі ұсыныс түсті. Іздегенге сұраған дегендей, бұл ұсыныс менің көкейіме дөп қонды. Дайын тауарларды базардағылар өздері алып кетеді. Тағы қандай затқа ұсыныс түсіп жатқанын айтады. Отағасы қажет матамен қамтамасыз етіп отырды. 

Кейін Алматыға көшкен соң кәсіпті қайтадан нөлден бастауға тура келді. Алғашында несиені екінші деңгейлі банктен алғанбыз. Оның пайыздық мөлшерлемесі өте жоғары болды. Тағы да несие алуға жүрексініп жүргем. «Сайран» автобекетінде шағын дүкенім бар еді. Құрбым Гуля Қызайбековадан KMF-тен несие алу тиімді екенін естіп, осы қаржы ұйымымен жұмыс істей бастадық. Алғашында киім қысқартатын, жөндейтін орын аштым. Кейін материал алып, киім тіге бастадым. Бір киімді тігіп, оны сатып, екі киімнің матасын алдым. Екі киімді тігіп, сатып оған төрт киімнің матасын алдым. Ол кезде несиеге 80-100 мың теңге көлемінде ғана беретін. Несиені үш айға алып, тез-тез жауып тастап отырдым. Ай сайын бір бутиктен ашып, біртіндеп 250 шаршы метр жерде отыратын жағдайға жеттім. Несиені мақсатты түрде алып, оны орнымен жұмсай білсең пайдасын көресің. Менде еш уақытта несиені төлей алмай қалған жағдай болған жоқ. Қазір, міне, өсіп-өркендеп, осы дәрежеге жетіп отырмыз», – дейді ол.

Шебердің медицина саласындағы жұмысын тастап, кәсіпкерлікке бет бұрғанына да 25 жылдай уақыт болып қалды. Осы салаға келгеніне еш өкінген емес. Медицина саласындағылар қазір 300-400 мың теңге көлемінде айлық алса, бұл қаражатты кәсіпкер келіншек бір аптада табатынын айтады. Сүйікті ісімен айналыса отырып бала-шаға, немерелеріне, жолдасына көңіл бөле алады.

«Карантин кезінде де қиындық көрмедім. Себебі киімдерімізді сатып, жалға беріп отырдық. Жалға берілетін киім қайта-қайта қолданылып, табыс түсіріп тұрады. Тұрақты тапсырыс беруші танымал клиенттеріміз бар. Сәкен Майғазиев, Айгүл Иманбаевның мектептерінің киімдерін, Алматыдағы Чайковский атындағы музыкалық колледж, Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының, Аягөз, Семей, Өскемен мәдениет үйлерінің киімдерін тігеміз. Испания патшайымымен екі күндік кездесуге барғандар менің киімімді киіп шықты. Қытай мен Делиде елшілікте істейтін қыздар, Корей еліндегі қазақ диаспорасы, ресейліктер, Қытай салондары бізге тапсырыс береді.

Осы кәсібімді бастап, дамытуыма, бүгінгі жетістігіме жетуге жетелеп келе жатқан KMF компаниясының ұжымына табыс тілеймін. Басшылары да, қызметкерлері де өте қарапайым, өте сыпайы. Адамдармен қалай тіл табысу керегін жақсы біледі, өте мәдениетті қарым-қатынас жасайды. KMF микроқаржы ұйымының банктерге қарағанда пайыздық үстемақысы да, талап ететін құжаттары да аз. Сол үшін тұтынушыға ыңғайлы. Несие берердің алдында кәсіпкердің бизнесін өздері келіп тексереді. Кәсібінің дамып жатқанын көріп сенім білдіреді. Ешнәрсеге жүгіртіп, әурелемейді. Компанияға тек ақшасын төлеуге барамыз. KMF-тің қолдауы мен сияқты үйде отырған қыз-келіншектерге көп көмегін тигізіп жатыр. Сіздерден несие алып, жұмысын жүргізіп отырған – нан, көкөніс сататын, тігін тігетін қыздарды білемін. Бәрі де дән риза. Істеріңізге сәттілік тілеймін. Клиенттеріңіз көп болсын!», – дейді тігінші.

«KMF жетістікке жетелеп келеді»